Ағымдағы жылдың басынан инфляция деңгейі 5,1 пайызды құрады

Бұл туралы бүгін Үкіметтің кеңейтілген отырысында ҚР Экономикалық даму және сауда министрі Қайрат Келімбетов мәлім етті.

Экономиканың тұрақты дамуының маңызды факторы инфляциялық үдерістердің өсуін болдырмау екендігін баса айтқан ол: «Инфляцияның деңгейі ағымдағы жылдың басынан бастап 5,1 пайызды құрады. Бұл ретте азық-түлік тауарларына баға 2011 жылғы маусымда 2010 жылғы желтоқсанмен салыстырғанда 8,0, азық-түлік емес тауарлар - 2,5, ақылы қызметтерге 4,1 пайызға ұлғайды», - деді.

Сонымен қатар оның атап өтуінше, тұтыну бағаларының индексі ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында 8,4 пайызды құраған. Оның ішінде азық-түлік тауарлары 12,6, азық-түлік емес тауарлар - 5,4 және ақылы қызметтер 6,2 пайызға өскен.

«Мемлекеттік органдар инфляцияға қарсы саясат шеңберінде бағаның өсуіне ықпал ететін факторлардың әсерін төмендету бойынша шаралар қабылдауда», - деді Қ.Келімбетов.