Вице-министр АИ-80 маркалы бензиннің шекті бағасы литріне 89, ал дизель отыны 99 теңгені құрайтындығын атап өтті. Ал бұл жанармайлардың Ресейдегі бағасы сәйкесінше 171 және 177 теңгені, Қырғызстанда 146 және 151 теңгені құрап отыр. Себебі бұл мемлекеттерді АИ-80 мен дизель отынының бағасы мемлекет тарапынан реттелмейді.
«Өткен жылы біз АИ-90 бензинінің бағасын реттеуден бас тарту туралы шешім қабылдаған едік. Естеріңізде болса, бастапқы уақытта баға шарықтап кетті. Баға 134-140 теңгеге дейін жетті. Дегенмен, одан кейін нарықта теңгерім деңгейді бір қалыпқа түсірді. Қазіргі уақытта Қазақстан бойынша баға шамамен 125 теңге. Баға өз теңгерімін тапты. Бұл да қордың сақталуына өз септігін тигізді», - деді Ә.Мағауов.
Осы ретте ол қазіргі уақытта Энергетика министрлігі Ұлттық экономика министрлігімен бірлесіп, АИ-80 бензині мен дизель отынының бағасын реттеуден бас тарту мәселесін талқылап жатқандығын атап өтті.
«Дегенмен, ешқандай шешім қабылданған жоқ және меніңше ол таяу болашақтың еншісінде. Қазақстан бойынша бұл бензинге сұраныс өте жоғары. Ал дизель отынында Ресеймен үлкен айрымашылық бар. Бұл Ресеймен шекаралас облыстарда жағдайды қиындатады. Біздің жанармай құю стансаларында дизель 99 теңге болса, көршілес Ресейде 176 теңге. Сондықтан да автомобильдер қазақстандық жақта жанармай құюға тырысады. Ал бұл солтүстік өңірлердегі дизель отынын тұтыну көлемінің жоғары болуына әкеліп отыр», - деді Ә.Мағауов.