«Аламан» спорт агенттігінің мәліметінше, Қазақстандық олимпиада чемпионы Серік Сәпиев 69 келіде көш бастап тұр.
49 келіде Зоу Шимин - көшбасшы. Біржан Жақып он үшінші сатыға табан тіреген. Азамат Исақұлов - 27 орында.
52 келіде британ Андрей Селви үздік. Біздің Ілияс Сүлейменов он екінші сатыға жайғасқан.
56 келіде ағылшын Лук Кэмпбелл бірінші орында тұрса, Мәди Шолақов 23 орында. Ал Қанат Әбутәліпов рейтингке енбеген.
60 келіде Василий Ломаченко (Украина) тізгінді өз қолына алды. Ғани Жайлауов сегіз саты жоғарылап, бесінші орында тұр. Айдар Әмірзақов алғашқы ондыққа еніпті.
64 келіде Данияр Елеусіновке он жетінші орын бұйырыпты. Бұл салмақта итальяндық Виченсо Манчисапре бірінші.
69 келіде Серік Сәпиев қарсыластарынан оқ бойы озық. Лондонда Серіктен таяқ жеген ағылшын Эвенс екінші, украиналық Тарас Шелестюк пен орыс Андрей Замковой үшінші-төртінші орынды бөлісіпті. Айтпақшы, Рүстем Сыбайдың орны он үшінші.
75 келіде Данабек Сужанов жиырма үшінші орынға жайғасыпты. Бұл салмақта жапон Риота Муратта көш басында тұр.
81 келіде Әділбек Ниязымбетов үздік үштікті қорытындылапты. Ресейлік Егор Мехонцев алғашқы сатыда.
91 келіде украиналық Олександр Усик мықты болды. Василий Левитке - 21, Данияр Үстембаевке 23 орын бұйырыпты.
Аса ауыр салмақта Иван Дычко төртінші орынға жайғасыпты. Ағылшын Джошуа бұл салмақтың теңдессізі.
Әйелдер арасында аса жеңіл салмақта Назым Қызайбай төртінші, Жайна Шекербекова (52 кг) - қырық екінші, Гүлжан Әкімова (54 кг ) - он алтыншы, Оксана Королева (57 кг) - жиырма төртінші, Саида Хасенова (60 кг) - он бесінші, Феруза Шарипова (64 кг) - он төртінші. Зарина Солоева (69 кг) - он үшінші, олимпиада жүлдегері Марина Вольнова алтыншы орында тұр. 81 келіде Юлдуз Маматкулова үздік бестікті қорытындыласа, аса ауыр салмақта Ләззат Күнгейбаева төртінші орынды еншілеген.