Air Astana жаңа ұшақпен толықты

Бүгін Нұрсұлтан Назарбаев әуежайындағы Аir Astana әуе компанясының авиациялық-техникалық орталығында жаңа Embraer 190-E2 ұшағының тұсаукесері өтті.

Іс-шараға әуекомпания басшылығы, акционерлер, үкімет және дипломатиялық корпус мүшелері мен БАҚ өкілдері қатысты.

«Embraer 190-E2 ұшағы заманауи үлгіде жасалған. Ол авиациялық керосинді аз тұтынады. Қоршаған ортаға зияны да аз, әрі ұшақтың шуылы да төмен. Ең бастысы жолаушыларға өте ыңғайлы», - деді Аir Astana әуе компаниясының президенті Питер Фостер салтанатты рәсімде.

Сондай-ақ Embraer 190-E2 ұшағында қар барысы бейнеленген. Аталған жануар жоғалудың алдында тұр. Сондықтан Аir Astana қар барысын ұшақта бейнелеу арқылы аталған мәселеге жұртшылықтың назарын аударуды көздейді.

Жаңа ұшақ Бразилияда жасалған. Әуе кемесі екі қозғалтқышпен жабдықталған реактивті ұшақ болып саналады. Онда жолаушыларға арналған 108 орын бар. Ұшақ қысқа және орта қашықтықта ұшуға арналған, ал ұшудың максималды қашықтығы - 5300 шақырым.


Embraer 190-E2 ұшағының аэродинамикасы жақсартылған, әрі фюзеляжы мен қанаттары өзгерген және ондағы PW GTF (АҚШ) қозғалтқыштары жетілдірілген.

Жаңа әуе кемесі ішкі бағыттарға, әрі Ресей, Орталық Азия, Кавказ және Қытай бағыттарында қатынайды.

Алғашқы рейс «Астана-Алматы» бағытында 19-желтоқсанға жоспарланып отыр.