«Рейстердің кешігуіне әртүрлі жағдайлар түрткі болады. Соның бірі – жолаушылардың орынсыз мінез көрсетуі. Статистикаға сүйенсек, биылғы жылдың бірінші жартысында осындай 141 оқиға тіркелген. Соның ішінде 105 жолаушы ұшақ ұшып келе жатқанда орынсыз қылық көрсеткен», - деді Н.Бәйдаулетов бейсенбідегі брифингте.
Оның айтуынша, «заң бұзған азаматтардың жартысына жуығы ұшақ салонында темекі тартса, үштен бірі бортсеріктердің ар-намысына тиген, кейбіреулері ұшу қауіпсіздігіне қатысты нұсқаулықтарды орындаудан бас тартса, бір жолаушы тіпті, ұшқыштар отыратын кабинаға баса-көктеп кірмек болған».
«Тоғыз адам әуе компаниясы қызметкерлерің мен өзге жолаушыларды соққыға жықпақ болған. Салдарынан рейстер кейінге шегерілді. Тіпті, жарты жолдан қайтып келген ұшақтар да болды. Себебі, мұндай теріс мінез ұшу қауіпсіздігіне кедергі келтіреді», - деп атап өтті Н.Байдәулетов.
Оның айтуынша, қазіргі таңда Air Astana жолаушыларға көрсетілетін қызметті жақсарту бағытында үлкен жұмыстар атқарып жатыр.
«Биылғы жылдың 1-маусымынан бастап біз кейбір рейстерге желілік коучер деп аталатын қызметкерлерді шығардық. Олар бортсеріктердің киімін кигенімен бригада құрамына кірмейді. Коучерлердің міндеті – экипаж жұмысын бақылау, әріптестеріне көмектесу, жолаушылар арасында іріктеп сауалнама жүргізу, салондағы тазалық, тамақ беру және сервис деңгейін бағалау. Мұндай кеңесшілер тәжірибесі мол бортсеріктер арасынан таңдап алынады. Олар 10 күн, тіпті одан да ұзақ уақыт бойы үзіліссіз жұмыс істеп, бір рейстен екіншісіне ауысып отырады. Олардың міндеті қызмет сапасын жақсартудың жаңа жолдарын іздестіріп, лайықты ұсыныстар жасау болып табылады. Олар біздің көзіміз һәм құлағымыз», - деп қорытты ол.