"Аяз, тазаланбаған стадион": Астана-Челси ойыны қазақстандықтардың арманын орындады

Алмты орталық стадионында УЕФА Конференция лигасының топтық кезеңінде "Астана" мен "Челси" арасында матч өтті, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.

Қыстың қақаған аязында 12 желтоқсан күні Алматы қаласында «Астана» мен «Челси» командалары алаңда кездесті. Қонақ команда алғашқы таймда басым түсті. «Челси» шабуылшысы Марк Гиу 19 минуттың ішінде екі мәрте гол салды. Одан кейін Ренату Вейга ұпайды үстемеледі. Бірінші тайм аяқталарда қазақстандық футболшы Марин Томасов қарсыластар қақпасына доп енгізіп, жанкүйерлерге үміт сыйлап кетті. Есеп 3:1 болды.

Екінші таймда астаналық клуб мүмкіндікті пайдалана алмады. Жеңіс «Челсиға» тиесілі. 

Орталық стадионда орындықтарға мұздақ қатып, жанкүйерлер сынына қалды. Әлеуметтік желіде қары тазаланбаған стадионның суреттері мен видеолары тарады.

"Ойынды Алматының стадионынан емес, үйімде жатып көргенім өмірімдегі ең дұрыс шешімнің бірі болыпты. Стадионда отырсам денсаулықтан және жүйкеден айырылады екенмін. Ал үйде тек жүйке жұқаруда", - деп жазды Асхат Қасенғали.

Стадион әкімшілігі кешірім сұрады. Нысан меңгерушісі Бауыржан Жұмажанов түн ішінде қызметінен қуылды. Жалпы орталық стадион 23 804 адамға есептелінген. Екі команда тайталасын көруге 20 982 кісі жиналған.  

Футбол сүйер қауым күрелмеген қарға қарамастан, матчтан ерекше әсер алғандарын жеткізді.

"Керемет атмосфера болды. 20 000-нан аса жанкүйер жиналған. Тіпті Ресей, Монғолия, Өзбекстан, Корея және Қытайдан келгендер көп болды. Біз матч басталу уақытынан бір сағат ерте келдік, тазаланбаған қарды байқамадым. Жылы киініп, көрпемізді алып келдік. Матч бойы отырмадық, сол себепті тоңбадық. Біздің сектордағы жанкүйерлер өздерінің сүйікті "Челси" командасына қолдау көрсетіп, арасында патриоттар ретінде "Астана" командасын да ұмытпағаны өте қызық болды.

Негізі бұл ойын Лонданға "Стэнфорд бридж" стадионына бара алмаған көпшіліктің арманы. Бүгін олар өз армандарын орындай алды. Қазақстанның түпкір-түпкірінен келгендердің саны да аз болмады. Әрине, ойынның нәтижесі бәріне мәлім болды, дегенмен "Астана" құрамасы екінші таймда жинақталып, өз қақпасын қорғауға тырысып, гол жібермеді", - деп көңіл-күйімен бөлісті Алматылық жанкүйер Гёзаль Сейдаметова.

Айта кетейік, мұның алдында «Челси» төрт матчтан кейін 12 ұпай жинаған. Конференциялар лигасының жалпы кестесінде көш бастады.  «Астана» төрт ұпаймен 23-орынға тұрақтаған еді.