Айбек Оралбай Азия чемпионатында алтын медаль жеңіп алды

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы ҰОК баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Отандасымыз 90 келіден жоғары салмақтың ақтық сынында Қытай өкілі Байикевузи Данабикемен кездесті.

Алғашқы раундта Айбек Оралбай 3:2 есебімен басым түсті. Екінші үшминуттықта да жерлесіміз соққыларын дәл дарыта білді. Тіпті, үшінші раундта қарсыласын нокдаунға жіберді. Нәтижесінде төрешілердің шешімімен жеңіске жетті.

Осылайша Қазақстан ерлер құрамасы Азия чемпионатын сегіз медальмен аяқтады. Оразбек Асылқұлов (60 келіге дейін), Сабыржан Аққалықов (75 келіге дейін), Нұрбек Оралбай (85 келіге дейін) алтын медаль жеңіп алды. Төрехан Сабырхан (70 келіге дейін) күміс медальға ие болса, Махмұд Сабырхан (55 келіге дейін), Ертуған Зейнуллинов (65 келіге дейін) және Сағындық Тоғамбай (90 келіге дейін) жарысты қола медальмен аяқтады.