Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.
Ол "Kezdesu" бағдарламасына берген сұхбатында Арыс қаласындағы жарылыс пен елдегі су тасқыны кезінде қолдан келгенше көмек көрсетуге тырысқанын айтты.
"Арыс қаласында жарылыс болған кезде қолым бос болды. Өзім әлеуметтік желіге салып, көш бастап, қолымнан келгенше адамдарды жинап бардым. Сондай реті келген кезде жүреміз. Су тасқыны болған кезде де жинаған қаражатқа қосылдық. Басқа әріптестеріміз барды. Қолынан келгенін әркім өзінше жасап жатыр. Айтпағым, кінәлай берудің қажеті жоқ. Әнші дегенді көбісі құдайдан кейінгі адам деп көреді. Олай емес, әншінің қолынан түк келмейді. Оған біздің әріптес бауырларымыз да кінәлі. Өйткені, жүрген жерінде пафосқа толы керемет өмірді көбірек көрсетеді. Солар адамға сондай сенім беріп қояды. Қарапайым болып жүру керек. Бақыт тыныштықты жақсы көреді", - дейді ол.
Сондай-ақ, Бағлан Әбдірайымов берік отбасының негізі сабыр мен қанағат екенін айтып, қазіргі қоғамдағы орынсыз салыстырулар көптеген жанұяның берекесіне кері әсер етіп жатқанын жеткізді.
"Отбасының іргесі берік болу үшін сабыр мен қанағат керек. Ұл да қыз да үйленгенге дейін бәрібір басқаша болады. Үйлену оңай, үй болу қиын деп сол үшін айтылады. Күтпеген нәрселер шығады. Сүйікті жарыңның өміріңде көрсеген бейнесін көретін сәттер болады. Ашу - дұшпан. Адам ашуға берілгенде неше түрлі эмоциялар, сөздер шығып кетеді. Сол кезде шок болып жатқандар да көп. Сондай кезде сабыр керек. Сабырдың артында даналық, кешірім, шыдам жатыр. Дүние тұрғысынан қателісіп қалуымыз мүмкін. Өз басым орта құртты деп ойлаймын. "Ананың күйеуі мынандай, мынаның әйелі мынандай, әйеліне мынандай сыйлық жасапты" деген салыстыру көп. Барыңа қанағат етпей, әркімнің жылтыраған жүріс-тұрысына қызығып жүргенде айқай-шу шығып кетеді деп ойлаймын. Ерлі-зайыптылардың ойы, мақсаты, арманы бір болу керек. Егер, ол болмайтын болса, мың жерден ақылды болсаң да, дүниең түгел болса да өмір сүре алмайсың", - дейді ол.
Әнші сұхбат барысында ажырасу мәселесіне де тоқталып, бұл жауапкершіліктің басым бөлігі ер азаматқа жүктелетінін айтты.
"Мақсат деген ағамыз "Жақсы еркектен әйел кетпейді" дейтін. Жігітшілікке салатын болсақ, ажырасу тікелей еркекке байланысты. Адамның жаманы жоқ. Жігіттердің көбісі ренжіп қалатын шығар. Бірақ бәрі тікелей еркекке байланысты. Әйел адам еркекке аманат. Аманат қылып алғаннан кейін жөнге келтіру керек. Әйелге шамасы келмегеннен кейін ажырасулар болып жатыр", - дейді өнер иесі.