Соңғы бірнеше айда ақпарат кеңістігінде АЭС құрылысы кең талқыланып жатыр, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы. Бұл туралы саясаттанушы Талғат Жанысбай өз пікірін білдірді.
Қоғам белсенділері, сарапшылар мен қарапайым халық өкілдері қоғамдық талқылауларда жиналып, өзара пікір алмасып, көкейдегі сұрақтарын қойып, АЭС-тің ықтимал тәуекелдері мен артықшылықтары жайлы сөз етуде.
Бірнеше ұйым өз ұстанымдары жайлы мәлімдеме жасаған екен. Солардың арасында «Қазақстан электрэнергетика қауымдастығы» мен Kazenergy қауымдастығы да бар. Олар өз мәлімдемелерінде еліміздің энергетика секторының дамуын айқындайтын маңызды шешімнің табалдырығында тұрғанын, ал АЭС салу – ел дамуының маңызды аспектісі екенін айтты.
Сөздерінің дәлілі ретінде АЭС сенімді энергия көзі екенін, сондай-ақ жоғары тиімділік пен базалық жүктеме режимінде жұмыс істеу мүмкіндігіне ие екенін алға тартты. Ұйым өкілдері АЭС салу генерация құрылымын әртараптандыруға, бірыңғай энергетикалық жүйенің жұмысын жақсарту мен елдің энергия қауіпсіздігін едәуір нығайтуға көмектеседі дейді.
Мамандардың айтуынша атом энергетикасын елдің энергия теңгеріміне енгізу қазба көздеріне тәуелділікті азайту мен атмосфераға зиянды шығарындыларды азайтуға мүмкіндік береді. Иә, АЭС жасыл энергетика көзі екенін бұрыннан айтылып келеді, ал бұл жайлы мамандар мен сарапшылардың айтып жатқаны көкейдегі күдікті сейілте түседі десек болады.
Ары қарай Kazenergy өкілдері атом энергетикасының ғылым мен білімнің дамуына ықпал ететін жоғары технологиялық сала екенін айтты. Елде ядролық реакторларды пайдалану бойынша тәжірибе жеткілікті екенін, Курчатовтағы Ұлттық ядролық орталық пен Алматыдағы ядролық физика институтының ғалымдарының бірегей зерттеулері елімізден тыс жерлерде де белгілі екенін әрі оларды атом станцияларын пайдаланатын елдер жоғары бағалайтынын айтты. Яғни қазір елде АЭС салына салса, жұмысқа кірісіп кетуге даяр мамандар бар деген сөз.
Олар өз сөзінде қазір қолда барлық мүмкіндік бар екенін, атап айтқанда уран қоры, атом реакторларын қауіпсіз пайдаланудағы тәжірибесі бар екенін, сондай-ақ еліміз Халықаралық атом энергиясы жөніндегі агенттік - МАГАТЭ-нің мүшесі екенін де алға тартты.
Олардың сөзінше АЭС елдің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтып қана қоймай, адами капиталдың дамуына, ғылым мен өнеркәсіптің дамуына, жаңа жоғары технологиялық кәсіпорындардың құрылуына үлкен серпін бермек.
«Қазақстан электрэнергетика қауымдастығы» өкілдері өз сөздерінде елдегі ірі энергетикалық қоғамдастық ретінде АЭС салу туралы шешімнің мұқият зерттеуді қажет ететінін айтты. Алайда, аталмыш сұрақ қауымдастық аясында бірнеше жыл бойы терең зерттелгенін, Франция, АҚШ, Жапония, Оңтүстік Корея сияқты алдыңғы қатарлы елдердің тәжірибесі ядролық энергетиканың дамуға жол ашатынын көрсетіп келе жатқанына назар аударды.
Сонымен қатар Ұлттық ядролық орталықтың Энергия институтының эксперименттерді жобалау және басқару қызметінің басшысы Асхат Дүйсенбаев атом энергетикасын дамыту қажеттігін, көмір мен мұнай сияқты дәстүрлі ресурстар таусылып жатқандықтан, тұрақты энергия көздеріне, яғни атом электр станцияларына назар аударуымыз керектігін айтты. Қазіргі реакторлар қауіпсіздіктің жоғары деңгейімен және авариялық жағдайлардың минималды қаупімен ерекшеленеді деді.
Міне, осы мәлімдемелерге қарасақ, энергетика саласында жүрген алпауыттар АЭС елге керек деп отыр. Мамандар дәлелсіз, зерттеусіз сөйлей салмайтынын білеміз, сондықтан олардың сөзіне құлақ асқанымыз жөн болар.
Әрине, шешімді әркім өзі қабылдайды, бірақ ел болашағы үшін маңызды істе дұрыс шешімге келеміз деген сенім басым.