Бірақ қолдау білдірушілер саны әлдеқайда көп екен. Оны әлжеліден де, достарымызбен талқылаулардан да, «Демократия институты» ҒЗҚ ҚБ телефон арқылы жүргізген сауалнама нәтижелерінен де байқап жатырмыз дейді қаржы сарапшысы Айбар Олжаев. Толығырақ Caravan.kz медиа порталы тарқатады.
Сауалнамаға 18 жастан асқан 1 200 респондент қатысқан екен. Олардың арасында 17 облыс пен республикалық маңызы бар Астана, Алматы мен Шымкент қалаларының тұрғындары бар.
Олардың 72,9%-ы АЭС салу идеясын қолдайтын болып шықты. Нақтырақ айтқанда «Қазақстанда АЭС салу идеясына көзқарасыңыз қандай?» деген сұраққа респонденттердің шамамен үштен екісі оң көзқарас білдірген екен.
Бұл 13-26-шы қыркүйек арасында өткен сауалнама, қыркүйектің басындағы сауалнама нәтижелерімен салыстырғанда қолдау білдірушілер саны айтарлықтай артқан. Демек олар осы аралықта АЭС-тің маңызын түсінгені ғой. Қазір БАҚ пен әлеуметтік желілер арқылы түсіндірме жұмыстарының жүріп жатқанын көріп жатырмыз. Бұл жақсы үрдіс, себебі референдумға дейін халық АЭС-тің қандай артықшылықтары бар екенін, оны салу туралы ұсыныс неге түскенін толық түсінуі керек, сонда ғана дұрыс шешімге келе алады.
Бірақ АЭС құрылысына қарсы адамдар да табылып жатыр, респонденттердің 22,3%-ы атом электр станциясын салу идеясына теріс көзқарас білдірген; ал 4,8%-ы жауап беруге қиналатынын жеткізген.
Референдумға қатысуға ниет білдіріп отырғандар саны да көп. «Қазақстанда атом электр станциясының (АЭС) салу мәселесі жалпыұлттық референдум арқылы шешілетін болады. Сіз референдумға қатысуға дайынсыз ба?» деген сұраққа 46,3%-ы нақты ниет танытып, 15,7%-ы қатысуға тырысамын деп жауап берген.
"Өз басым қандай пікірді ұстансаңыз да, референдумға барып, дауыс беру керек деп санаймын. Осы арқылы өз ұстанымымызды көрсетіп, ел болашағы үшін маңызды шешімдерге бей-жай қарамайтынымызды дәлелдейміз. Қазіргі таңда азаматтық қоғамның белсенділігі жылдан жылға артып келе жатқаны қуантпай қоймайды. Бұл халқымыздың өз өмірі мен елдегі жағдайда жауапкершілік алатынының көрінісі десек те болады", - дейді Айбар Олжаев.
Ал сіз референдумға барасыз ба? АЭС құрылысын қолдайсыз ба?