АЭС-ті қолдау картинасы. Оған ақпараттық жұмыс әсер етті ме?

Орталық сайлау комиссиясы алдын-ала нәтижелермен бөлісіп, дауыс берген халықтың 71,12 пайызы АЭС құрылысын қолдағанын жеткізді, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы. Бұл туралы қаржы сарапшысы Айбар Олжаев жазды.

Экзитпол да осының айналасын көрсеткен. Референдумға 7,82 миллион адам қатысты және олар өз таңдауын айқындады.

АЭС бізге керек. Екі жылдан бері айтып келемін. Көмір базалық генерация ретінде арзан болды, қызығын көрдік. Бірақ жаһандық жылынумен күресіп жатқан халықаралық қауымдастық бізге енді көмір жаққызып қарап отырмайды. Газ көп болса, газ электр станцияларын қаптап салып тастауға болар еді. Бірақ бізде тауарлы газдың барлығы елді-мекендер мен көліктен артылмайды. Сол себепті АЭС база ретінде керек болады. Және 3+ реакторы 70-80 жыл үздіксіз істеп тұра алады. Бұл біздің де, ұрпақтың да етек-жең жиып алуына мүмкіндік береді.

Чернобыль ше? Бұл аргумент тозды. Чернобыльде реакторды автоматты түрде өшіретін пассивті қорғаныш мүлде болмаған, реактор көпканалды РБМК болды. Қазір су-бу жүйесіндегі мүлде басқа типтегі реактор қолданылады. Халық та бұл мәселені өздігінен зерттеді.

АЭС-ті қолдауда ақпараттандыру, жаппай үгіт-насихаттың рөлі үлкен болды деп айтуға келеді. Коммуникация маманы ретінде, идеологиялық блок бұл жолғы кампанияны жақсы алып шықты деген баға берер едім. Себебі қорытынды нәтиже - басым дауыс болатын. Көрсеткіш орындалды.

"Осылайша бізде жалпыұлттық шешім қабылдау құрылтайларына ақпараттық пропагандалық дайындық жасаудың деңгейі арта түспек. Биыл көп тәжірибе жинақталды. Идеологтардың осы тәжірибені кейстер кітабына түртіп алғаны жөн. Алда референдумдар аз болмайтынын ішім сезеді", - деді сарапшы.