Өткен жылдың соңында келіні Жұлдызды танымал еткен Гүлзира ханым, енді немерелерінің жұлдызын жағуға ниетті екенін жеткізді.
Stan.kz тілшісіне эксклюзивті сұхбат берген продюсер алдағы жоспарларымен бөлісті.
«Бұрындары айтатын едім ғой Жұлдызды бір жаңалықпен шығарамын деп. Бірақ жай ғана журналмен, сұхбатпен немесе бір бағдарламамен емес ауқымды жобамен таныстырамын деп жоспарлаған едім.
Сол ойымыз жүзеге асып, халыққа киномыз ұнады. Одан кейін немерелеріме «Сендерге жақсы бір идея ойластырамын» – деп уәде берген болатынмын. Сол уақыт жеткен сияқты», – дейді Гүлзира Айдарбекова.
Бүгінде Қайраттың ұл-қыздары халықпен қауышатын күнді сағына күтіп жүргенге ұқсайды. Айдарбекованың өнерге құштар немерелері әр түрлі үйірмелерге барып, білімін шыңдап жүр. Бірі күйсандықтың құлағында ойнаса, екіншісі көркем гимнастикамен шұғылданады екен.
«Олар мен барған сайын дәптерге өлең жазып, пианиносын тартып, апа былай шықсақ болады ма деп сұрайды.
Немерелерімнің де армандары асқақтап жатыр. Сондықтан келесі кезекте немерелерімнің арманын орындасам деген ойым бар. Немерелерім қуанып жүр, енді бізде инстаграм ашамыз ба деп. Қазіргі балалар барлығын біледі.
Қайрат пен Жұлдыздың ұлдары да, қыздары да өте пысық. Қасапшы өз тірлігін істесін дейді ғой. Сол сияқты менің жұмысым «бизнес пен шоу-бизес» қой. Сондықтан да мен немерелерімді басқа бір нәрселерге тәрбиелей алмаймын.
Өйткені менің қолымнан келмейді. Немерелерім әнші болып кетпесе де, арасында шығарып тұрамыз. Өйткені бәрі білгісі келеді. Қайраттың балалары, інілері қандай деген сияқты. Сондықтан да, керек жерінде өнерлерін көрсетіп тұрады», – дейді продюсер.
Айтпақшы, Қайраттың кешінде інілері де сахнаға шығып, ән салатын көрінеді. Десекте, Айдарбекова бұл қадамы үшін сынның садағына ілінерін жақсы түсініп отыр.
«Халық кейде айтып жатады Қайраттың әкесі мен шешесі ән айтты, енді мүмкін «иті айтатын шығар, мысығы айтатын шығар» – деген сияқты әңгімелер естідім. Енді мен ән айтуды қылмыс деп ойламаймын.
Әйтеуір құдай жаман жағынан сақтасын. «Әу демейтін қазақ жоқ» – дейді ғой. Сондықтан да ән айтқан ұят нәрсе емес. Бір көшеде арақ ішіп, домалап жатқан жоқ. Немесе біреудің тұмсығын бұзып, ұрлық істеп, түрмеге түсіп жатқан жоқ. Олай күндеуге болмайды. Айтқан адам, айта берсін», – дейді Қайраттың анасы.
Айта кетейік, Қайрат пен Жұлдыздың Алау, Сезім, Нарұл және Хан есімді төрт перзенті бар. Қазіргі таңда үлкен қызы төртінші сыныпта оқыса, кіші ұлы балабақшаға барып жүр. Ал, хитменнің кезекті шоуы наурыз мейрамының қарсаңында Астана мен Алматы қалаларында өтеді деп жоспарланып отыр.