Caravan.kz медиа порталының тілшісі белгілі саясаткер Айдос Сарымнан жаңадан сайланған ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің басшысы Дархан Қалетаев жайлы пікірін біліп көрді.
Шынайы саяси ойыншыға айналу Премьер-министрдің кеңсесіне байланысты
Дархан Аманұлы үлкен тәжірбиесі бар, Президент әкімшілігінде қызмет еткен адам ғой. Бұл қызметті ол кісі толық атқара алады деген толық сенімім бар. Негізгі саяси салмақ Президент әкімшілігі мен үкіметке қарай ауысып жатыр, яғни саяси жауапкершілікті, елде болып жатқан экономикалық және басқа да реформаларға, өндірістерге жауапкершілік үкіметке жүктеліп отыр. Осы себептен үкіметтің, үкімет кеңсесінің шынайы саяси ойыншыға айналуы ол Премьер-министрдің жұмысына, Премьер-министрдің жұмысын үйлестіретін кеңсеге де қатысты екені анық. Сондықтан, бұл маңызы бар қызмет деп ойлаймын. Премьер-министрдің жұмысын үйлестіріп отыру, әртүрлі графиктер бойынша жөнге келтіру, олардың ашықтығын қамтамасыз ету, олардың қоғамға тәуелді болу, қоғамға есеп беріп отыру үлкен жұмыс деп ойлаймын, Дархан Аманұлына тек қана сәттілік тілеймін.
Жаңашылдыққа жаны құмар басшы
Ол кісі жаңашылдыққа ашық адам. Ешқандай менмендігі жоқ, үлкенге де, кішіге де бірдей қарайтын жаңашыл, жаңа идеяларды тез қабылдай алатын және шешімдерді стратегиялық түсінігіне, пайымына қарай тез қабылдай алатын адам. Ол кісінің маған сол қасиеті ұнайды. Біз 1997 жылдан бері қызметтес болық, әртүрлі жағдайларда да кездестік. Сондықтан мына қызметі ол кісінің өзіне лайық қызмет. Күнделікті ағымдағы шараларды өткізіп отыру, жоспарлап отыру оңай емес. Бізде көптеген шенеуніктер әңгімеге еру, біреулердің сөзін тыңдау, сөз тасу және көптеген ұнамсыз бюрократиялық қасиеттері бар. Дархан Аманұлының маған ұнайтын бір қасиеті сондай жағдай болса ол кісіге хабарласып, барлығын жан-жақты сұрауға ерінбейді. Біреуге өкпелеп жүргеннен көрі бірден хабарласып, шеше салған дұрыс деп есептейді.
Премьер-министр мен Премьер-министр кеңсесі басшысының арасындағы химия
Енді көп нәрсе Премьер-министр мен Премьер-министр кеңсесі басшысының арасындағы химияға байланысты. 90 жылдарды көрген, сол кездегі қиыншылдықтарды көрген саясаткерлерге, министрлерге сұраныс артып жатыр. Қазіргі министрліктерді қараңыз, көбінесе министрлер 90 жылдардағы қиыншылықты көрген саясаткерлер. Жұртпен сөйлесе алатын, одан қорықпайтын азаматтарға сұраныс артып келе жатыр. Концелряның ішінен шыққан, қағаздарды тасу, үкіметтің қаулыларын өткізу, оның бюрократиялық ығы-жығын білетін адам емес, осындай Дархан Аманұлы сияқты адам болу керек деп есептеймін.