Әйелдер арасындағы Әлем чемпионатына қатысып жатқан қазақстандық волейболшылар жарысты ерте аяқтады

Олар 29 қазан мен 3 қараша күндері өткен алғашқы раундта Мацумото қаласында АҚШ, Германия, Куба, Таиланд және Хорватия құрамаларымен бірге «С» тобында өнер көрсеткен болатын. Онда Нелли Щербакова жаттықтыратын ел құрамасы әлемдік рейтингте өзінен ілгері тұрған қарсыластарының осал тұсын таба алмады. Германия, АҚШ, Хорватия спортшыларына 3:0, ал Таиландқа 3:1, Кубаға 3:2 есебімен есе жіберді.

5 ұпаймен өз тобында 6-орынды қанағат тұтқан олар бүгін енді елге оралып, XVI Азия ойындарына дайындықтарын қайта пысықтауға кіріспек. Ал үздік төрттіктің қатарынан орын алған АҚШ (10 ұпай), Германия (9 ұпай) және Куба мен Таиланд (7 ұпайдан) 6-10 қараша күндері Нагойя қаласында F тобында жарыстың 2-кезеңінде бақ сынайтын болады.