Әйелін кілемге орап, үстінен бар салмағымен секірген

Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі "Актобе Таймс" басылымына сілтеме жасап хабарлады.

Айгүлдің басынан өткен оқиға қатыгездікке толы. Екінші рет тұрмыс құрған, 3 бала, жолдасының бітпес қорлығы. Әрбір ісі үшін күйеуі ұрып- соғып отырған. Дене-басын көгертіп, ең сорақы жаза түрін қолданған. Сорлы әйелін кілемге орап, бар күшімен үстінен секірген.

Тек әйеліне ғана емес, оның бірінші отбасынан бірге келген баласына да қол тигізген. Алты жасар өгей ұлына жаттығу жасатқызып, бала шаршаған кезде далаға қуып жіберген. Әйел адам бұған төзе алмай, құзырлы органдарға шағымданады. Қазіргі уақытта балаларымен бірге дағдарыс орталығында тұрып жатыр. Оған заңгерлер мен психологтар көмек көрсетуде.

Тағы бір отбасы драмасы өзгеше сюжетке ие болған. Күйеуінен таяқ жеген әйел оған қайтып барып, сүйетінін әрі оны тастай алмайтындығын айтқан.

"Соққыға көріп, шашына желім төгіліп келді. Жолдасы арақ ішіп алып осылай қорлапты. Әйел адам дағдарыс орталығында төрт ай тұрды. Содан соң күйеуімді сүйем, онсыз өмір сүре алмаймын деп үйіне қайта қайтты. Шынымды айтсам бұлай жасайды деп ойламадым. Әлгі желім көзіне ағып кетуі мүмкін еді", - дейді Касангалиева.

Аймақ бойынша өз әйелдеріне бір емес бірнеше мәрте қол көтерген 400 ер адам есепте тұр. Олардың көбі жазаланбайды. Әйел адамдар болса, қорлық көрсеткен қаскөйлерді кешіріп, үй ішіндегі ұрысты сыртқа тасығысы келмейді. Тұрмыста зорлық көргендердің арасында істі сотқа дейін апаратындары аз.


"Әйелдер келіп арыз жазады, одан кейін кейін айыппұл салынатынын білсе, арызын қайтып алады. Өйткені отбасы бюджетіне шығын келетінін жақсы түсінеді. Ал күйеуі 15 күнге қамалса, жұмысынан қуылады. Осы жағдайларға байланысты ер адамдар жазалау шарасын айналып өтіп жатады", - деп түсіндірді Касангалиева.

Әйел адамға қол көтеретін еркектер ғана емес, енелер де келіндерін қорлап жатады. Инспектор ене мен келін арасындағы оқиғаны баяндап берді. Күйеуінің анасы келінін ұрып, қорлап, төрт баласымен жалаң аяқ үйден қуып жіберген. Ұлы вахталық жұмыста жүргенде жасапты бұндай тірлікті. Шыдамы таусылған әйел дағдарыс орталығына көшіп келген. Көмектесетін туыстары жоқ, тұл жетім екен.

Уақыт өте келе ол әйелдің жағдайы жақсарған. Мемлекеттік бағдарлама бойынша үй алып, кішкентайларын балабақшаға жіберген. Өзі жұмысқа орналасады. Өткен өмірін есіне де алғысы келмейді.