Әйгілі «Bad boys blue» тобы қазақтың «Қызыл өрігін» шырқады

Бұл - жұрт қашанда асыға күтетін күзгі мерекенің бірі -  «Алматым – іңкәрім менің» фестивалі. Биыл ретро кешке 15 жыл толып отыр. Сондықтан ауқымы да Голливуд салтанатымен пара-пар деңгейде өтті. Тіпті қызыл кілемге дейін жайылған.

Дариға Назарбаева:

-  Қымбатты достар! Араға жыл салып қайта қауышқанымызға қуаныштымын. Бұл күн өте маңызды. Себебі  бүгін фестивальге  15 жыл толып отыр.  

Десе де биылғы құрмет тек әншілерге ғана емес, сондай-ақ осы шараның негізін қалағанға азаматтарға да қатар көрсетілді. Тіпті еңбегі ерең сіңгендерге 15 арнайы статуэтка да табыс етілді. Тағы бір өзгешелік, биыл кеште әдеттегідей Алматының әкімі – Ахметжан Есімов рояльде ойнап, музыкалық қырын танытты. Сол үшін арнайы сыйлықтың бірін еншіледі.

Фестивальдің осы жолғы тақырыбы - кино мен театрға арналған. Сондықтан орындалған ән әрбір кішігірім қойылымдарға негізделген саунтректерден құралды. Мәселен, әнші Нұрлан Еспановқа Ермек Серкебаевтың кинодағы әнін орындау міндеттеліпті.

Нұрлан Еспанов, әнші:

- Бұл біздің арманымыз болатын. Бұрын санаторияда өтіп жатқан кезде көріп, осы фестивальге шығатын күн бола ма екен деп. Содан биыл шақырту алған кезде өз басым қуанып кеттім. Кішкене көзге де жас келіп қалды.

Ал бәрінен де кештің жұлдызды қонақтары көпті таң қалдырды. Мәселен, Михаил Боярский сахнаға ат тақымдап шықса,


немістің «Bad boys blue» қазақтың «Қызыл өрігін» орындап, жұртты түгелімен билетіп жіберді.

Ал Ресей эстрадасының жұлдызы Николай Басков әдеттегідей Дариға Назарбаеваға ән арқылы махаббатын білдірді. Айтпақшы, енді Басков қазақша ән шырқамақ ниетте.

Николай Басков, РФ халық әртісі:

- Мен Дариғамен бірге қазақша ән салуды армандап жүрмін. Әсіресе, халық әндеріңізді қатты ұнатамын. Бірақ әзірге болар емес. Өйткені тіл ауыр. Әндеріңіздің барлығы көмеймен айтылады ғой. Бірақ үйреніп жатырмын.

Тағы бір қонақ – италиялық әнші Адриано Челентано келуі көпке асыға күткен шығар. Бірақ келген ол емес, тек оның пародистісі болып шықты.

- Алатаудың бөктеріндегі әсем қала – Алматыға осылайша махаббатын білдіруге  көпшілік 15-ші мәрте жиналып отыр. Кешті келіп көре алмағандардың еш қамығуна негіз жоқ. Өйткені фестивальдің телевизиялық нұсқасы таяуда КТК эфирінен көрсетілетін болады.