Алматыда 12 ақпан күні таңертең Ауғанстан соғысының ардагері, арнайы мақсаттағы 177-ші отрядтың командирі, отставкадағы полковник, Қара майор деген атпен белгілі Борис Керімбаев ұзаққа созылған дертінен қайтыс болды.
Борис Керімбаев Кеңес әскерінің Ауғанстан аумағынан шығарылуының 30 жылдығы қарсаңында, 71 жасқа толғаннан кейін бір ай өткен соң өмірден озды.
Аты аңызға айналған Қара майор туған күнін ауруханада ауыр сырқатынан емделіп жатып өткізген еді.
11 ақпанда Қара майордың палатасында Қазақстанның қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев болды. Ол Борис Керімбаевты кеңес әскерінің Ауғанстан Демократиялық Республикасынан шығарылуының 30 жылдығымен құттықтап, ҚР әскери барлауына қосқан үлесі үшін "Алтын үкі" төс белгісін тақты, деп хабарлады Қазақстанның қорғаныс министрлігі.
Борис Керімбаевтың қазасы туралы ақпаратты Алматы қаласы қорғаныс істері департаменті мен ауған ардагерлерінің ұйымдары растады.
Қара майормен қоштасу күні мен уақыты кейінірек хабарланады.