«Айламен тапқан мал арам…» Меруерт Түсіпбаева лотерея өткізуге әуес әншілерді сынға алды

Бұл туралы деп Caravan.kz медиа-порталы хабарлайды Shownews.kz -ға сілтеме жасап

Соңғы кездері әлеуметтік желі арқылы ұтыс ойынын өткізіп, түрлі тренинг арқылы табыс табуды әдетке айналдырған отандық шоу-бизнес өкілдерінің саны күрт өскен. Әр қилы тәсілмен қара халықтың қалтасын жұқартқан әріптестерінің әрекетін Меруерт Түсіпбаева қатаң сынға алды.

«Мен жарнама жасап, лотерея ойнатып, халықты алдап ақша тауып жатқан біздің жұлдыздарға «айламен тапқан мал арам, саған қайыр болмайды» дегім келеді.  Бұл бір жыраудың, ата-бабамыздың айтып кеткен сөзі. Орысша айтқанда «из князи в грязи». Не істейміз?», – дейді Меруерт Түсіпбаева.

Ал Меруерт ханымның бұл пікірімен Абай Бегей мүлдем келіспейді. Әншінің сөзінше, лотерея билеттерін ойнатып, нәпақа тапқанның айыбы жоқ. Мәселен өнер иесі жақында жеке ұтыс ойынын өткізуді жоспарлап жүр

«Үйде қол қусырып отырғаннан еңбек еткен жақсы. Мысалы өзінің машинасы болса, неге ойнатпасқа?! Онда тұрған ештеңе жоқ деп ойлаймын. Сатса да, біреуге тегін берсе де, лотерея ойнатса да өз еркі. Сол себепті көреалмаушылық танытып, ақша көп тауып кетті деудің қажет жоқ», – дейді Абай Бегей.

Жеңіс Ысқақова да кейінгі кезде дүйім жұрттың жарнамаға әуестігін байқаған. Бірақ танымалдардың түрлі тренинг пен ойын өткізуді жиілеткеніне  қынжылады.


«Оны ересек, ақыл тоқтатқан адамдар жасап жатыр. Әңгіменің шыны керек, бұл да ақша жасаудың бір жолы деп ойлаймын. Екіншіден, халықтың алдында өзінің танымалдылығын арттырудың да амалы секілді. Бүгінгі күні әлемді сауда-саттық билеп кетті ғой.  Ол да бір сауданың түрі шығар. Бірақ мұндай әрекеттерге теріс көзқарастамын», –  дейді Жеңіс Ысқақова.

Шын мәнінде шоу-бизнес өкілдері табыстың көзін тапты ма, әлде тойдан тапсырыс азайып, тоқырауға тап болды ма? Әйтеуір отандық жұлдыздар кейінгі кезде ұтыс ойындарын өткізуге әуестеніп, тіпті  эстафетаға айналдырған сыңайлы. Мәселен күні кеше Роза Әлқожа өз гивін өткізсе, енді Ақбота Керімбекова көпшілікке жеке ұтысы жайлы жариялауда.