Аймақтарда дүлей дауылдан соң қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр

Еліміздің теріскейіндегі үш өңірдің тұрғындары сәуірдің соңында тосын мінез танытқан мынадай ауа-райына екі күн бойы куә болды. Дүлей боранның жылдамдығы секундына отыз метрден асқан. Жел екіпініне шыдамаған аялдамалар құласа, қысқы доңғалақтарын ауыстырып үлгерген көліктер қалың қарда жүре алмай қалды. Дүлей боран Қызылжардың өзінде 7 мектеп мен бірнеше әкімшілік ғимаратың шатырын ұшырып әкетті.

Ал Ақмола облысында синоптиктердің ескертуін елемей үйдің шатырын жөндеуге шыққан екі құрылысшы 6 метрлік биіктіктен құлады. Бірі оқиға орнында көз жұмса, оның 45 жастағы әріптесі Бурабайдағы аурухананың жансақтау бөліміне жеткізілген. 

Әсет Қалкенов, хирург:  

- Тым ауыр жағдайда түсті. Бауыры зақымданған, миы шайқалған жамбас сүйегі мен қабырғалары сынған.  Операция жасадық. Жағдайын болжау өте қиын.  

Дүлей дауыл Павлодар облысында да 40-қа жуық ғимаратты шатыр-терезесі қалдырған. Мына бес қабатты үйдің үш-ақ жыл бұрын салынған жаңа жабындысы тұтасымен жерге құлады. Апат орнына жеткен құтқарушылар   қаңылтырларды қайта бекітіп, сапасыз салынған құрылыстан қалған қоқысты жинастырып жатыр.  

Үш күн толассыз соққан жел ағаштарды түбімен сұлатып, көшедегі көліктерге де зақым келтірілді. Сондай-ақ үш бірдей аудан әкімдігінің ғимараты шатырсыз қалған.


Асқар Жалдинов, Павлодар облысы әкімінің баспасөз хатшысы:

-Ғимараттар төбелері қираған мөлшері  5600 метр квадрат саналады. Сонымен қатар, облыстың 7 ауданында күшті жел салдарынан электр қуаты өшіп қалған. Қазіргі таңда елді-мекендерде электр қуаты тұтас қалпына  келтірілген.

Қазір 3 облыста табиғаттың тосын мінезінен келген шығын көлемі есептеліп жатыр. Синоптиктер бұл өңірлерде апта соңына қарай ғана күн жылиды деп болжап отыр.