Үлкен дау тудырған жаңа заңның өз күшіне енгені сол екен, бүгін Астана көшелерінде полиция қаптап кетті. Ереже бұзғандарды жаппай тоқтатып екі есе өскен сомамен айыппұл салып жатыр. Енді абайлап жүрмесе, жүргізушілер кішігірім тәртіп бұзғаны үшін де қалтасынан қағылады. Мәселен, жылдамдықты асырғаны үшін 55.560 теңге! Жүргіншілер жолағы, жол жиегі, тротуармен жүргені үшін 27.780! Қарсы бағытқа шыққаны үшін 1 жылға куәлігінен айрылады. Жолда тоқтатқан полицияның бұйрығына бағынбағаны үшін де осындай жаза. Ал рөлге арақ ішіп отырып жол апатын жасағандар бірден 5 жылға куәлігінен айрылады. Бұдан-былай тәртіп бұзған жүргізуші инспектордың қызметтік көлігіне отырмауға құқы бар. Сондай-ақ, бұған дейін жүргізуші айыппұлын 7 тәуліктің ішінде өтесе, оның жартысы кешіріледі делінген болатын. Алайда бұл талап тек 2015 жылдан бастап жүзеге асырылмақ. Ішкі Істер министрлігі мұндай қатаң ереже жолдағы тәртіпті күшейтеді дейді. Ал жемқорлыққа мүлдем жол берілмейтініне сендіріп отыр.
Қанат Сәдуақасов, ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің басқарма бастығы:
-Жемқорлық болмайды деп ойлаймыз. Себебі патрульдік полиция видео жетонмен, видео регистраторлармен қамтамасыз етіледі. Олардың әр қимылын онлайн режимде қырағы бақылап отырамыз. Кешкілік бөлім командирлері сол бойынша есеп беріп отырады.