Беларусь пен АҚШ-та мыңдаған жүргізушіні алдап үлгерген қауіпті алаяқтық тәсіл бізге де жетуі мүмкін. Әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы таралатын аталмыш хабарламалар мемлекеттік органның ресми ескертуін айнытпай көшіреді екен. Нақты деректер, қаулы нөмірлері, тіпті «мультирадармен тіркелген» деген белгісі бар. Яғни, халықты алдау оңай.
Алайда, төлемге арналған сілтемені басқан сәтте азаматтар шоттағы қаржыдан айырылып қана қоймай, жеке деректерін де жоғалтуы мүмкін. Caravan.kz медиа порталы жалғастырады.
Алаяқтық қалай жұмыс істейді
Қазақстан Бас прокуратурасы мұндай схема біздің елде де пайда болуы ықтимал екенін ескертеді. Бұл шын мәнінде фишингтік шабуыл, яғни, азамат банк картасының деректерін енгізген бойда алаяқтар шотқа толық қол жеткізіп, қаражатты жымқырады. Кейбір сілтемелер құрылғыға жасырын вирус орнатып, жеке мәліметтерді ұрлауға мүмкіндік береді.
Ведомство ресми айыппұл туралы хабарламалардың тек 1414 қысқа нөмірінен жіберілетінін және ешқашан төлем жасауға арналған сілтемелерді қамтымайтынын еске салады.
Айыппұлдарды eGov.kz порталы немесе банктердің мобильді қосымшалары арқылы тексеруге болады.
Жеке деректердің ағыны – алаяқтарға мүмкіндік
Мамандардың айтуынша, қазақстандықтардың жеке мәліметтері бұрын да тараған. Мысалы, бірнеше ай бұрын 16 миллион жазбасы бар база жария болды. Алаяқтар осындай деректерді автокөлік нөмірлерімен байланыстырып, жалған айыппұл хаттарын жолдауы ықтимал.
Сонымен қатар, адамдардың өзі әлеуметтік желілерге көп ақпарат жүктейді. Арнайы алгоритмдер осы мәліметтерді жинап, кейін қылмыскерлерге дайын база ретінде ұсынады.
Қауіпсіздіктің кілті – азаматтың өзінде
Сарапшылардың айтуынша, мемлекеттік органдар халықты алдын ала ескертіп, ақпараттандыруға тырысады. Хабардар азамат алаяқтарға ең үлкен тосқауыл. Заңдар мен қылмыстық жауапкершілік бар болғанымен, қаржылық қауіпсіздік әрбір адамның өз қолында.