Кешкісін пештің түбіне, жылы жерді жақсы көретін, болмаса залға жерге көрпеше төсетіп бір бөстекті басына жастай сап, жатып алып домбыра шертетін. Не шертетіні есімде жоқ, бірақ «Қаракөз, менің сүйгенімді» керемет жақсы көретін. Қазір де естіп қалсақ, әкемнің әні де деп бүкіліміз өре түрегелеміз. Сағыныштан болар... Жанына жолай кетсең, «иии, осы жерімді уқалап жіберші, арқамды басып берші» дей-тұғын.
Әкем біртоға, момын адам еді, марқұм. Ешкімнің ала жібін аттамаған. Оған басымды тіге алам. Мінезі ауыр болды. Бір сөйлегісі келгенде шешіліп қалмаса, көбіне үндей бермейтін. Бірақ шежірені жетік білуші еді. Кімнің кімнен шығып, кімге қосылатынын айтқанда бала күнгі «архив» дейтін менің жанама атым маған аздық болып қалатын. Жадыма мұнша есім сыймайтын. Шатасатынмын кәдімгідей. Әкем шатаспайтын. Өмірімде алғаш рет «Кімнің үмметісің?» деп сұрақ қойғанда әкеме тура қарағам. Негізі үлкеннің бетіне қарамайтын қазақтың жуас баласы едік. Білмек түгіл, мұндай сұрақ болады деп ойламаған кезім. Не айтып тұрғанын түсінгенім жоқ. Баламын әлі. Сосын әдеттегідей тобылғы саптарын жанына қойып, қайысын өткір бәкісімен тарамдап, ұшын маған ұстатып қойды да әңгімесін бастады. Осылай қайысты тартып ұстап тұрғанымда алғаш рет ақыл үйреткен. «Мен сенен кімнің үмбеті дегенде, Мұхаммед пайғамбардың деп жауап бер. Бүкіл қазақ соның үмбетінен. Кімнің құлысың десе, Алланың дейсің. Адам Аллаға ғана құл, адамға дос. Жеті атаңды да жатқа біл. Ал, сана: сен Әкімбектің қызысың – бір, менің әкем Сағат - екі, оның әкесі Әбілдә - үш, оны әкесі...» деп кете береді. Жеті атамды жаттатып, адам санатына қосып кетіпті. Ол кезде жаттаған сөздің астарын түсінбесем де, өмірлік сұрақтардың жауабын біліп өсіппін. Бірақ бір қызығы өзім осы сауалдарды әлі ешкімге қоймаппын. Басымыз әлі сәждеге тимесе де әке сөзі жүрек түбінде сақтаулы. Текке үйретпеген шығар...
Қамшыны өріп біткенше қарың талады. Шамам жетіңкіремейді кейде. Қозғалтып қоям. Ұрсады. Ұрысқаны бір-ақ ауыз сөз. Сүйектен өтетін сөз еді. Сондай ауыр. Мен көтере алмайтынмын. Әкемнен басқа ешкім сөйлей алмайтын маған. Содан болар әкемнің сөзі удай болып тиетін. Қайыстың мен ұстап тұрған ұшы қимылдап кеткенде «әй, бір, осалсың, ә!» дегені. Мұндай сөзді де көп айтпапты. Екі-ақ рет. Бірақ әлі күнге дейін естен кетпейді. Екінші «осалсыңды» алғаш тауға шыққанымда естідім. Тоқсан бірдің жазы. Ортаншы ағам үйленіп, ауылға келіп қой бақты. Әкем оның көмекшісі. Негізінде бағатын әкем, ағамдікі бар бол әйтеуірдің тірлігі. Анау биіктегі қойды қайтар деді. Тауға келгеніме екі сағат өткен жоқ әлі. Жақсы деп құлдыраңдап кете бардым. Бірақ сол биік жеткізбеді. Оған шықсам, отар келесі биікке шығып кетіпті. Жете алмай, судай жаңа кроссовкамды аяп, жан жағымдағы бұрын-соңды көрмеген сұлу табиғатқа тамсанып, бұлттың арасында мәз болып келе жатсам, алдымнан әкем шықты. Қалай мені басып озып кеткеніне таң қалдым. Әншейінде керзі етіксіз жүрмейтін. Сөйтсем, аяғында галош. Қойдың бетін қайтарып, еңіске бұрып жіберіпті. Өзенге түсіріп, суарып, иіріп, қой түс ауғанша өрмейтіндей қайырдықта, үйге бұрылдық. «Балам, сені менен жеңіл ме десем, сонша жүріп алдың ғой қаптал жолда, әй, осалым-ай!» дегені. Бетім қып-қызыл болып дуылдап кетті. Әкемді жаяу осынша жүйрік деп ойламаған едім. Баяғыда, 1974 жылдың қысында, қыстаудан күздеуге көшкенде ақ түтек боранда жолда қалып, отарымен адасып, аяқ-қолын үсітіп алған дейтін шешем. Помшабаны қашып кетіпті. Үсіп өлетін жағдайым жоқ десе керек, сабазың. Әкем малсақ адам еді. Бірін шашау шығармай таңсәріде іздеуге шыққандардың алдынан отар қойының ортасында жүрген жерінен табылыпты. Содан не керек, бастықтар оны ауруханаға жөнелтеді. Аудан дәрігерлері қолын сақтап қалыпты, бірақ башпайларына ампутация жасаған екен. «Қолын қармен ысқылай беріп аман алып қалған» деуші еді шешем. Құрдастарының «Шолақ» деп келемеждейтінін талай естігем. Бірақ осы тауға шыққанша неге бұлай айтатындарына мән бермей келіппін. Солай дегендердің барлығы кейін бір мүшесінен кем болды. Әкемді әулиесің деп күлетін. Әкеме мінгесіп талай қойшының үйін аралағам сол жаз. Жайлаудың сары қымызы үшін Қоңыр төбеден Сәдбеннің жазығындағы жылқылы ауылға дейін баратын едік. Әкеме ілесіп жүріп талай таңсық жемістермен танысқам. Небір қызықты әңгімелер естіп, шежіреге қанып келіп ем сол жолы. Ылдиға түсетін көлік таппаймыз. Айтпайдың биігіне шығып, Желсаздың жазығындағы көліктерді аңдимын. Ілуде бір болмаса, көлік сирек қатынайды. Көрінсе, үйге қарай жүгірем, әкеме ауылға кететін болдық деп айту үшін. Жайлаудың да өзінің өзгеше қызығы көп еді. Ең ұнайтыны ерулікке бару болатын. Несімен қызық? Оны да білмеймін, әкеммен емен-жарқын осылай бірге қалу ыстық еді. Қашан шымшып алар екен деп шешеге жалтақтамайтын шақтар.
Негізі шешемнің қызымын. Оның көзінше әкеме жолай қоймайтынмын. Шешем жолатпайтын. Жекеменшігім деп. Менің бетімнен сүю үшін әкем шешеме салық төлейтін. Сондай қымбат тұратынмын әкем үшін. Үйдің кенжесі болған соң шығар. Әкем мейірімді адам еді. Шешем байдың немересі болған соң ерке болып өссе керек, аздап адуындау мінезді. Әкем ол мінезге мән бермейтін секілді болатын. Шешем екеуі кейде қосылып жастық шақтарынан бері келе жатқан мен естімеген бір көне әндерді айтатын. Оны да біреулердің жиын-тойында байқағам. Дастархан басында құран жиі оқылатын. Әкем құран оқығанда мүлгіген тыныштық орнайды. Кімге арнайтынын білмей өттім. Өзінің әке-шешесіне шығар, мен оларды көрмегем. Әкем мені қырық бір жасында көріпті. Мен есейе келе ата-анам өзіме кәрі көрінетін. Басқалардікі жас. Қазіргі қырықтағылар жас көріне ме? Бала күнімде, осы қызымның «быпускнойына» өзім барам деп талай айтқанын естігем. Кәдімгідей қорқатын едім сол сөзден. Неге? Оны өзім де білмеймін. Бірақ бара алмады... Бұйырмапты.
Бірінші сыныптың күзгі каникулында Алматыға ертіп келді мені. Шешем қалай жіберді, неге келдік, мұның бәрі есімде жоқ. Есімде қалғаны үстімдегі биттің қабығындай қызыл плащ, аяғымда боти. Әкемнің үстінде сұр пальто, басында еш тозбайтын сұр шләпісі. Әдеттегідей керзі етік емес. Қонаққа ғана киетін хром етігі. Қылыштай болып киініп алған. Біз автобустан түскен кезде жаңбыр жауды. Арты қарға ұласты. Әпкемнің үйіне түстік. Ертесі қаланы аралатты-ау шамасы. Еміс-еміс. Әйтеуір, қатты жаурағаным есімде. Әкем мені үлкен дүкенге ертіп келді. Құдай біледі, қазіргі «Детский мир» сол. Елде жоқ екі заклепкасы бар қызыл куртка мен қызыл бүрки әперді. Оған қоса түсі жасыл қысқа тон мен капюшоны, екі бубенчигі бар қызыл пальто алдық. Өмірімде бірінші рет дүкенге баруым шығар. Әлде бала жүрек үшін әкеңнің өз қолымен, өз десімен бірдеме әпергені осынша қымбат па? Мен үшін сол жолғы қыдырыс ертегілер еліне саяхатпен тең болған. Әйтеуір, шікірейіп келдім ауылға. Ондай куртка мен жасыл түсті тонды біздің ауылда ешкім кимеді сол заманда. Кейін есейген кезде жасыл тонды өз қолыммен сөгітіп, ою ойып, бөстекке кестелеп тіккенмін. Бірақ қазір сол бөстектер үйде жоқ, қайда кеткенін. Тозған шығар...
Оныншы сыныптамын. Қаңтардың он бесі. Мектепке кірдім. Бірінші партада отырам. Кіріп, жайғасқаным сол еді, бастауышта сабақ беретін бір жамағайын жеңгеміз келіп сені мамаң шақырып жатыр деді. Неге, қайда деп сұрау жоқ. Сөмкеңді ала сал деді. Алып шықтым. Үй мектептен алыс емес. Біздің көшеге бұрыла бергенде соңғы тұрған біздің үйдің түтіні ерекше мол шығып жатқанына көзім түсті. Еріп келем жеңгеме, ол үндемейді. Мен де үндемеймін. Сабақты мүлде ойлап тұрғам жоқ. Мен үшін мамамның сөзінен маңызды ештеңе жоқ болатын. Дарбазадан кірдік. Тыныштық. Верандаға кіргенде екі кісі сыртқы складта жиналып тұратын биік үстелдерді кіргізіп жатыр екен. Сонда барып санама бірдеме жеткендей болды. «Не болды, а?» дедім ертіп келген жеңгеме қарап. Ішкі бөлмеден шешемнің дауысы талып естілді. «Ойбай, қу шұнақ Құдай-ай, мені кімге тастап кеттің, момыным-ай, Әкішім-ай...» «Пап!» Өксік көмейімде тұрып қалғандай болды. Жұтына алмадым. Тамағыма тас тұрып қалғандай. Басым айналды. Жеңгем қолтықтап, шешеме ертіп кірді. Көрісіп отырып көп жыладым. Сөз айта алмаймын бірақ. Дауысым өзіме естілмейді. Содан кейін шешем «сен әлі баласың, жылама, мұнда үлкендер отырсын» деп, жылатпай шығарып жіберді. Оған жыламайды емессің ғой. Қораға барып жылап келем. Онда да қалың жұрт. Әрбірі кеп құшақтап кетеді. Бірақ бәрібір жүректің түбінде әкеммен дұрыстап қоштаспай қалғандай болып жүремін.
Осынша жылдан бері әкеме арнап бір ауыз лепес арнамаппын. Неге? Шешеме арнағаным болған. Алғашқы журналист болып қалам ұстаған жылы мерекесімен құттықтағам. Шыққан газетті әпкем апарып көрсетіпті. Бүкіл туыстан сүйінші сұрап, бәріне оқытып, оқыған сайын бір жылап алды деп келген.
Ал, әкеме деген сағыныш, білмеймін, ол әлі қойлы ауылда жүрген сияқтанады маған. Он жеті жыл өтсе де бар сияқты. Мешітке барып құран оқытқанда ғана жоқтығы еске түседі. Әкемнің көріпкелдігі бар еді. Арқасы бар дейтін білетін жұрт. Ауылда Базаркүл деген апай өзі айтып берген. Құмалақ салса, айтқаны айдай келетін деп. Малы жоғалып, құмалақ аштырыпты сол кісі. Әкем сұрағанның бәріне бірдей ашпайтын, тек іші біліп, мұқтаждығын сезген адамға. Яғни, көңілі түскен адамға ғана. Ұрыны тауып беріпті. «Сенің әкең әулие» дегені бар маған. Бірақ әкем қасиетін ұстанбады. Неге екені маған беймәлім. Елде жоқ алтын адам еді. Жүрегі ақ. Адамгершілігі мол. Қарапайым. Бізге жұқты ма екен? Әкем мені жақсылыққа бағыттайтын құбылам болып келіпті. Соны осы күнге дейін байқамаппын. Бала күнімізде біреу жылу сұраса, әкем міндетті түрде мал беретін. «Кісінің күні кісімен!» дейтін. Бұл енді өмірлік ұстанымы еді. Сірә, жылуды көбіне малын қыстан шығара алмаған қойшылар сұрайтын болса керек. Өзі де қойшы болып көрген соң түсіністікпен қарағаны шығар. Нормасын орындай алмағандар жүзге жүз бермесе, желінгені, орнын өзі толтыруы тиіс. «Өтісі жоқ, тамыр-танысың емес» деп шешем шыж-быж болып жататын. «Араласпа, малды сен тапқан жоқсың» дейтін ондайда салмақты қалпынан еш айнымай. Бірақ бағатын сол шеше. Мың жақсылығын бір-ақ жамандығы жуып кететін. Ішетін. Сәбетке кеп жұқтырған дерті болса керек. Бала жүректі мекендеген үрей мен жасықтық жазылды ма?... Сонысын кешіре алмай жүрдім бе? Әкем ішкен күні пышақ, балта, шалғы мен күрекке дейін тығып тастайтын үйдегілер. Мен көбіне қашып кететінмін. Жарылған бас, сынған қол, көгерген көз – шешемнің еншісінде. Иә, пендешілік... Мен кешіргенмін сені, әке! Сен де мені кешір, пап...
Шынар Әбілдә