Ерке Есмахан бұл ақпараттың жалған екенін айтып, оны таратқандардың жазаланатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
"Оразаның соңғы күндері менен жағдай сұрамаған адам қалмады. Қасиетті айда қасиетінен айырылған бір малғұнның кесірінен. Мен негізі негативке күліп жауап беріп, артынша бақыт тілеп жүре беретін адаммын. Бірақ бұл жолы Райм екеумізге емес, кішкентай балаға тиісті. Жаман ұлт болмайды, жаман адам болады. Сол үшін әр қазақ менің жалғызым деген сөзді айтқым келмейді. Өзім қазақпын. Қазақ халқы тәуір, бірақ ішінде хайуаннан бетер жетесіз адамдар жетеді.
Мысалы, осыны ойлап, өз қолымен жасап, интернетке шығарған тәрбиесіз бір қазақ бар ғой қарап тұрсақ. Сіздер шошып жатсыздар, енді осыны көргенде әкесі екеуміз жалған ақпарат болса да көзімізге жас алып, жүрегіміз қақ айырылды. Тик тогымыз жоқ, қарамаймыз. Сондықтан кеш естіп, кеш көрдік. Әкесі табамын деп кіріп іздеп бастағаны сол еді, өшіріп үлгеріпті видеоны. Артынша бүкіл парақшасын жоқ қылды. Бірақ қазіргі заманда қаласаң бәрін табуға болады. Бұл істі жәй қалдырмаймыз", - деп жазды әнші Instagram stories-те.