Психолог Гүлиза Сәлімбай әкесімен жыныстық қатынасқа түскен жас қыздың өмірін мысал етті. Айтуынша, жан жарасын іште тұншықтырмай емдеген дұрыс. Сондай-ақ, Caravan.kz медиа-порталы тілшісі педофилдердің түр-сипаты қандай болатынын да сұрап білді.
- Жас қызды әкесі қалай зорлаған?
Ол кісі терапияға келгенде бұл оқиғасын бірден айтпады. Негізі қаржылық мәселесін дұрыстау үшін келген болатын. Терапия барысында әкесімен арасында кінәрат бары анықталды.
Әкесін сұрағанымда ішкелікке қатты берілгенін, үйде күнде ұрыс-жанжал болғанын ғана айтып отырды. Әкесі анасын «қыз туа бересің» деп айыптайды. Бала күндерінде сіңілісін қарға лақтырып та жіберген екен. Бастапқыда осыларды ғана айтты. Сонан өксіп жылап, әрі қарайғы әңгімесін бастады.
Жолдасымен төсек қарым-қатынасына еркін түсе алмайтынын айтты. Денесі тітіркеніп, тырысып қалады екен. «Қосылатын кезде мазам кетеді. Ішім алай-дүлей болып кетеді» деді. Бұның себебі бала күнінде алған үрейі. 3-4 сыныптарында әкесі қызын жыныстық қарым-қатынасқа шақырған. «Анаңа айтсаң, анаңды ұрамын, өлтіремін» деп қорқытқан. Анасының күнделікті таяқ жеп жүргенін көрген қыз бұл құпияны айтсам, «анам екі есе көп таяқ жейді. Өлтіріп тастайды» деп ойлаған. Үндемеген. Қыздың айтуы бойынша, әкесі оның қыздық пердесіне тиместен артқы жағынан жасап жүрген. Анасы үшін қыз әкесіне рұқсат беріп, көніп жүреді. Бұл жағдай бір емес, бірнеше рет болған.
Ақыры қыздың ата-анасы ажырасқан. Қыздар анасымен бірге өседі.
- Сізге мұндай жағдаймен көп келе ме?
Өкінішке орай, маған осы сияқты оқиғалармен келетіндер көп. Көбі қазақы «Ұят болады» деген түсінікпен бұл сырын тек ішінде сақтап жүреді. Әкесі болсын, туған, туыс ағасы тиіскенін жасырып жүретін қыздар көп. Жан жарасы емделмегендіктен тұрмыс құрғанда қатты қиналады. Жолдасы төсекте қанағаттанбай, қарым-қатынастарына әсер етеді. Бөлек жата бастайды. Соңы ажырасып кетуге дейін барады.
- Жаңағы қыздың қазір жағдайы қалай?
Терапиядан кейін жолдасымен қарым-қатынасы түзеле бастағанын айтты. Қыз бұрынғыдай төсектен жиіркенбейтін болған. Бұрын қолдау білдіре бермейтін күйеуі қазір сөзін сөйлеп, көңілін аулауға тырысып, өзгере бастапты.
- Педофилдерді қалай тани аламыз?
Педофилдермен күнделікті бір таксиде отыруымыз мүмкін. Бірге өмір сүріп жатуымыз да ғажап емес. Негізі педофилдер өте қорқақ болып келеді. Ашық орында, көптің көзінше олар әрекетін жасамайды. Әдейі үндемейтін, әлжуаз, момын балаларды таңдайды. Себебі, алдап өзімен бірге алып кетуіне оңай. Оның үстіне «маған жолама» деп тұрған қайсар бала оған мәселе туғызатынын біледі. Ата-анаға айтарым, ұлыңызға да қызыңызға да түсіндіріп отыруыңыз керек. Бөтен адамның көмегін, берген кәмпитін алуға болмайтынын айтыңыз. Кішкентай баланың денесін анасынан өзге адам ұстамауы керек. Егер қыз болса, тіпті, әкесіне де рұқсат жоқ. Осы нәрселерді қалыптастырсақ, бәлкім, жантүршігерлік жайттардың саны азаяр ма еді?! Мектепте де түсіндірме жұмыстары жүргізілгенін қалар едім.
- Сұхбатыңызға рақмет!