Caravan Logo

АХАЖ-дың е-қызметтерінің ішінен бала туу мен некеге тұру туралы анықтамаларға сұраныс басым

АХАЖ-дың е-қызметтерінің ішінен бала туу мен некеге тұру туралы анықтамаларға сұраныс басым

«Баланың өмірге келгені және некенің тіркелгені туралы анықтамалар АХАЖ ұсынатын электрондық қызметтер ішінде ең көп сұранысқа ие. Бұл анықтамаларды «электрондық үкімет» порталында тіркелген және электрондық цифрлық қолтаңбасы бар Қазақстан Республикасының азаматтары ала алады. Алайда анықтаманы онлайн түрінде некеге 2008 жылғы маусымның 1-інен бастап тұрған азаматтар ғана ала алады. Ал, туылғаны туралы анықтама 2007 жылғы тамыздың 13-інен кейін туған балаларға беріледі», - делінген баспасөз мәлімдемесінде.

БАМ-ның ақпаратына сәйкес, АХАЖ ұсынатын е-қызметтерді www.egov.kz порталы алу үшін сұраным беруші бар-жоғы бір сағат уақытын жұмсайды. Ал, сұраным дәстүрлі офф-лайн түрінде болса, онда анықтама бір күннің ішінде беріледі. Егер сұраным беруші баланың туылған немесе некесін тіркеген мекенжайды ауыстырған жағдайда, оның анықтаманы күту уақыты 30 күнге дейін созылуы мүмкін.

Қазіргі уақытта «egov.kz» порталы арқылы баланың туғаны және некеге тұрғаны туралы 1,5мың анықтама берілсе, жалпы «электрондық үкімет» порталы арқылы барлығы 8 млн. астам қызмет көрсетілген.

Бүгінгі күні «электрондық үкімет» порталында АХАЖ ұсынатын қызметтердің 11-і ғана электрондық түрде қолжетімді. Баланың туғаны туралы куәліктен өзге, некенің тіркелгені және бұзылғаны туралы, өзінің аты мен тегін, әкесінің атын өзгерткені туралы анықтамаларды Интернет арқылы ала алады. Сондай-ақ, баланың туғаны туралы куәлікті қайтадан алуға, әкелікті орнатуға, бала асырап алуға өтініш беруге болады.