Мыңнан астам түтіні бар Пограничник ауылы бұл. Көшедегі құдықтар қатқасын ауыз су тапшы. Кітапхана мен поштаның іші азынап тұр. Жарық пен жылудың ажыратылғанына екі апта өтіпті. Тіпті, теңге бағамының төмендегені де тұрғындарды титықтатып жіберген.
Садықбек Нұрсейітов, Пограничник ауылының тұрғыны:
-Таблетка, уколдарға ақша екі есе, 20-30 процент қосып жатыр. Мәгәзінде баға өсіп жатыр. Халық осылай титығына жетіп жатыр, себебі, бір сиырдың емшегіне қарап сонымен күнкөріс көріп жатыр.
Ал, 17 құрсақ көтерген қарт ананың өкпеден гөрі алаңы басым. Моңғолиядан ата-жұртқа оралғалы бері сенімнің жетегінде келе жатыр екен.
Әмина Қаман, Пограничник ауылының тұрғыны:
-Ал, енді біздің өлгеннен басқа ештеңеміз жоқ. Еліміз бар, елімізге келдік, жерімізге келдік деп ек, ақыры иесіз қалдық қарағым.
Ауыл тізгінін ұстаған Хамит Әубәкіров былтыр тағайындалғанымен, есебін биыл беруді ұйғарған.Әкім есеп береді деп сабылып жүргенде ауыл тұрғындарының бірі төбеден құлап өліпті.
-Жел қисайтқан соң мына туды қайта тіккен ауыл тұрғыны жерге басымен құлап, көп ұзамай көз жұмды. Артынша ауыр қасіретке жүрегі шыдамаған әкесі де ұлының соңынан қайтпас сапарға аттанды. Айта кетерлігі, Мәдениет орталығының алдында мертіккен 40 жастағы Вадим Минк дәл сол уақытта жұмыссыздардың қатарында болған.
Өкінішке қарай, жайсыз хабардың жай-жапсарын есту мүмкін болмады. Жұрттың қатал сынына ұшыраған басшы біліктілігін арттыру үшін қалаға кетіпті.
Ирина Сальникова, Достық ауылы әкімі аппаратының бас маманы:
-Біздің әкім Павлодар қаласында оқуда. Осы, вот, бір жұма. Енді келесі аптада жұмыста болады. Оқудан келіп, жұмыста болады.
Ал, әкім оқудан келсе де, Пограничникке бара қоюы екіталай. Тұрғындар осылай деп отыр. Себебі, былтыр тағайындалған басшы ел тірлігіне етене араласпағасын, есептік кездесуге келгендер «сөзін» тыңдамай шығып кетіпті. Тек, 77 жастағы Әмина әже ғана үмітін әлі күнге дейін үкілеп отыр.
- Әкім келсе қуанғанымнан шашу шашамын.