Әкімдіктер жұмысын бағалау рейтингісінде Астана қаласының әкімдігі көш бастады


Зерттеу барысында әкімдіктердің жұмыс сапасын бағалау үшін 11 негізгі санат басшылыққа алынған. Бағалау да 11 баллдық жүйе бойынша жүзеге асырылды.

Атап айтқанда, әкімдердің жұмыстарының басты көрсеткіштері ретінде саяси және әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ету мен аймақтардың экономикалық даму дәрежелері алынған. Осыған сәйкес ағымдағы жылдың алғашқы тоқсанындағы облыстық әкімдіктердің жұмыс сапасын бағалау барысында көш басынан көрінген әкімдіктер анықталды.

Онда алғашқы орынды Астана қаласының әкімдігі (әкім Иманғали Тасмағамбетов - 4,10 балл) иеленсе, екінші орында Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі (әкімі Бердібек Сапарбаев - 4,02 балл), үшінші орында Қызылорда облысының әкімдігі (әкімі Қырымбек Көшербаев - 4,01 балл), ал одан кейінгі орынды Павлодар облысының әкімі Қанат Бозымбаевтың әкімдігі (3,80 балл) иеленген.

Айта кетейік, Астана қаласының әкімдігі бұл биікке «аймақтың экономикалық дамуының табыстылығы» және «аймақтық әлеуметтік бағдарламаларды жүзеге асыру» көрсеткіштері бойынша қол жеткізді.

Сондай-ақ зерттеу барысында жұмысы үздік әрі тиімді қалалық әкімдіктер де анықталды. Оның қортындысы бойынша көшбасшылар тобын Алматы қаласының әкімдігі (әкімі Ахметжан Есімов - 3,97 балл) бастаған. Одан соң Өскемен (әкімі Темірбек Қасымжанов - 3,59 балл), Атырау (әкім Серік Айдарбеков - 3,58 балл), Қызылорда (әкімі Нұрлыбек Нәлібаев - 3,55 балл), Ақтау (әкімі Еділ Жаңбыршин - 3,54 балл) және Орал (әкімі Алтай Көлгінов - 3,54 балл) қаласының әкімдіктері құраған.