”Әкімнің алдынан шауып шығып, қолына жабысып жатыр”: Қоғам белсендісі зиялы қауым өкілдерін қатаң сынады

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.

Ол “Qasqa Jol” YouTube арнасына берген сұхбатында ғылым саласында бойдақтардың көп екенін мәлімдеді.

”Қазір бакалавр, магистратура, PhD бар жастар 30 жасқа дейін оқып жүреді. Сол үшін көп қыз балалар тұрмыс құрмай кәрі қыз атанып жүр. Қыз балаға 4 жыл оқу жеткілікті. Ғылым саласында бойдақтар, 50-ге келсе де отбасын құрмағандар, бір баламен ажырасқандар толып жатыр. Отбасы деген киелі, қасиетті дүниені аяқ асты қылды”, - дейді ол.

Сондай-ақ, ол айналасындағы академик, ғалымдардың қандай кемшілігін жиі байқайтынын да айтты.

“Көп жыл сабақ берген профессор, академиктердің кемшіліктерін байқап қалдым. Мысалы, қазақ халқында 60-ты алқымдап, 70-ке жетіп, 80-ге келіп жатқан кісілерді ақсақал дейді. Қазақта ақсақал атану - статус, абырой. Кезінде Еуразия университетінде Астананың сол кездегі әкімі Алтай Көлгіновпен кездесу ұйымдастырылды. Залда алдыңғы қатарда академиктер отырды. Мен екінші қатарда отырдым. Бір кезде әкім кіріп келіп еді, бәрі жүгіріп оның алдынан шықты. Мен академиктерді тоқтаттым. “Кешіресіздер, бұл кісі менен кіші. Отыра тұрыңыздар. Қашан қазақта ақсақал алдынан шауып шыққан” дедім. “Дұрыс айтасың” деп келіп отырды. Жайғасып, әкім өзі келіп, қолын алды. Ойлаңызшы, қай заманда Төле би, Қазыбектер сол уақыттағы басшыларының алдынан атып шығып еді жүгіріп?

Тағы бір мысал, өткен жылы 25 мамырда Алматы қаласында әкім ауысты. Досаев кетіп, орнына Дархан Сатыбалды тағайындалды. Содан қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға арналған күні Алматыдағы жазушы, тарихшы ақсақалдарымыз Дархан Сатыбалдының алдынан шауып шығып, қолына жабысып жатыр. Бүгінгі ақсақалдардың сиқы осындай, жүрегім қан жылайды. Мен ертең 70-80-ге келсем, жас баланың алдынан жүргіріп шықпаймын. Сен жасыңа сай әңгіме айту керексің”, - деді тарихшы.

Жұмамұрат Шәмші өзгелерді тыңдамайтын, пікірін ашық білдірмейтін зиялы қауым өкілдерін де қатаң сынады.

“Академик, профессорлардың тағы бір кемшілігі бар. Олар жұрттың бәрін студент көріп, тек сайрай береді, басқаларды тыңдамайды. Әңгімелескенде монолог емес, диалог болу керек. Қарсыласты да, алдыңдағы адамды да тыңдай біл. Футболдағы командалық ойын секілді, пас беру секілді басқаларға да сөз беріп, пікірлерін тыңдай білу керек. Мен академиктерге осы кемшіліктерін айттым. “Сіздер пас беру білмейді екенсіздер” дедім. Біреуді тыңдай білу, пікіріне құрметпен қарау - мәдениеттің алғышарты.

Сосын жасы біразға келген осы академиктерден “Неге пікірлеріңізді қоғамға ашық білдірмейсіздер?” деп сұраймын ғой. Олар “Айтсақ бізді ертең жұмыстан қуып жібереді, зейнетақымыз жетпей, аш қаламыз” дейді. "Айтарыңды айтып қал, айта алмайсың қайтып келіп" деген сөз бар. Мына өмірде бәрін айтып қалу керек. Адамның мінезіне де байланысты. Мінез болмаған соң бәрі бекер. Төбетті қанша жетелесең де қораға үрмес деген. Есекті қанша шапсаң да ат болмайды” - деді ол.