Әкімшілік реформалардың аясында үкімет басшысының кеңсесі қызметкерлерінің саны 30 процентке қысқарады

"Қазір ықшамды әрі кәсіби аппарат жасақтау мақсаты қойылып отыр. Бұған жасалған алғашқы қадам ретінде үкімет басшысының кеңсесі қызметкерлерінің үштен бір бөлігі қысқарады. Қазір 307 қызметкер болса, 230 адамды қалдыруды жоспарлап отырмыз",- деді А.Мусин.

"Үкіметтің іс-қызметін қамтамасыз ететін үкімет басшысы кеңсесінің құрылымы өзгертілді. Мемлекет басшысы белгілеген әлеуметтік-экономикалық даму бағыттарын ескере отырып, жаңа құрылым үкіметтің стратегиялық және оперативтік мақсат-міндеттерін жүзеге асыруға септігін тигізуге тиіс",- деді ол.

Үкімет басшысының орынбасары аталған шаралар президенттің "Әкімшілік реформаларды одан әрі жүзеге асыруға бағытталған кейбір шаралар туралы" 2007-жылғы 29-наурыздағы жарлығын жүзеге асыру мақсатын көздейтінін атап өтті.

А.Мусиннің айтуынша, "бұл жерде беталды қысқарту туралы сөз болып отырған жоқ". "Президент ешкімді де негізсіз қысқартпау туралы айқын тапсырма берген. Сол себепті бұл мәселелер функцияларды талдау арқылы шешімін табады. Бір адам да көшеде қалмайды. Бұл мәселені үкімет қадағалап отыр. Барлығына да тең дәрежелі лауазымдар ұсынылатын болады",- деді вице-премьер.


Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті