АҚШ Иранның бес мұнай танкерін жойды: мұнай бағасы қалай өзгерді?

Бұл туралы АҚШ Қарулы күштерінің Орталық қолбасшылығы (CENTCOM) мәлімдеді, - деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.

Әскери ведомствоның мәліметінше, Kaviz, Charminar, Horizon 1 және Riesco танкерлеріне Оман шығанағында, ал Derya кемесіне Иранның Харк аралы маңында соққы жасалған. Экипаж мүшелеріне алдын ала кемелерден кетуге бұйрық берілген. CENTCOM бес танкердің де істен шығарылғанын хабарлады.

АҚШ тарапы бұл операцияны Иран Ислам революциясы Сақшылар корпусының (КСИР) АҚШ Әскери-теңіз күштерінің кемесіне баллистикалық зымырандармен екі рет шабуыл жасау әрекетіне жауап ретінде түсіндірді.

«Ол шабуылдардан жалтарып, аймақтағы патрульдік қызметін жалғастырды. Америкалық әскери қызметшілердің ешқайсысы зардап шеккен жоқ», – делінген CENTCOM мәлімдемесінде.

Америкалық қолбасшылықтың мәліметінше, Иран бұл танкерлерді мұнай сату үшін пайдаланып, түскен қаражатты КСИР мен оған одақтас қарулы топтарды қаржыландыруға бағыттаған.

Иранның мемлекеттік телеарнасы АҚШ әскерінің кемінде үш кемеге соққы жасағанын хабарлады. Оның екеуі оңтүстіктегі Жаск порты маңында, тағы бірі Харк аралының жанында болған. Кемелердің экипаждары эвакуацияланған.

АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Тегеранды ескертіп, америкалық әскери кемелерге жасалған әрбір жаңа шабуыл әрекетіне жауап ретінде Иран «тағы бір танкерінен айырылатынын» айтты.

Иран жауап ретінде зымыран ұшырды

АҚШ соққыларынан кейін Иран Иорданиядағы Әл-Азрақ маңындағы америкалық әскери күштер пайдаланатын базаға 20 баллистикалық зымыран ұшырған. Reuters мәліметінше, әуе қорғанысы жүйесі олардың 18-ін ұстап қалған, тағы екеуі адам тұрмайтын аумаққа құлаған.

Шабуылдан зардап шеккендер жоқ. Иран тарапы базаға елеулі залал келгенін мәлімдегенімен, америкалық шенеунік шабуылды нәтижесіз деп бағалаған.

9 қыркүйекте КСИР Ормуз бұғазында тағы он кемеге соққы жасалғанын хабарлады. Олардың екеуі америкалық әскери кеме, сегізі мұнай танкері болған. КСИР мәліметінше, кемелер бұғаздың «тыйым салынған және қауіпті» бөлігі арқылы өтуге әрекет жасаған. Бұл ақпарат әзірге тәуелсіз дереккөздер арқылы расталған жоқ.

Айта кетейік, 5 қыркүйекте АҚШ әскері Иранның үш мұнай танкеріне де соққы жасаған болатын. CENTCOM ол шабуылдарды КСИР-дің америкалық авианосец пен эсминецке баллистикалық зымырандармен соққы жасау әрекеттеріне жауап деп атаған.

Мұнай бағасы өсті

Оқиғалар аясында әлемдік мұнай нарығында баға көтерілді.

9 қыркүйек таңертең Brent маркалы мұнайдың бағасы 1,4%-ға өсіп, барреліне 100 долларға жуықтады. Ал америкалық WTI мұнайы да 1,4%-ға қымбаттап, барреліне 94,34 долларға жетті.

Тамыз айының басынан бері Brent бағасы шамамен 25%-ға өскен.

Нарық қатысушылары Иран танкерлері мен Сауд Арабиясының мұнай нысандарына жасалған шабуылдардан, сондай-ақ Ормуз бұғазындағы кемелерге жасалған шабуылдардан кейін мұнай жеткізіліміне қатысты алаңдаулы.

Сауд Арабиясы мұнай экспортының бір бөлігін Ормуз бұғазын айналып өтетін бағыттарға қайта бағыттаған.