Ақша-несие саясаты: Жолдау оның жолын түзеді

Жолдауда ақша-несие саясатына қатысты маңызды мәселелер айтылды, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы. Қаржы маманы Айбар Олжаев егжей-тегжейлі жазып, пікір білдірді.

Ең алдымен Қазақстанда табыс тауып отырған банктер экономикаға қаржы салуға тиіс. Сол үшін банктер туралы жаңа заң қажет. Қазір қолданыстағы заң шамамен 30 жыл бұрын қабылданған. Бұл құжат бүгінгі күннің мәселелерін шешуге қауқарсыз. Соның салдарынан банктер нақты секторға тиісті деңгейде несие бермей отыр. Сонымен қатар, банктер тауып отырған пайдасына сәйкес салық төлеуі тиіс.

Жолдауда айтылғандай, Халықаралық сарапшылар қазақ банктерін ресурсқа бай елдер ішіндегі ең көп пайда табатын банктер санатына қосады. Сондықтан осы саладағы салық мөлшері әділ белгіленетіні көкейкесті мәселе еді. Банктердің акционерлері дивидендіне сәйкес салық төлеуі керек. «Банктерге мемлекет көрсеткен көмек тұрғысынан қарасақ, бұл – өте орынды ұстаным»,- деді Тоқаев.

Расында, «жаны қысылғанда» мемлекетке арқа сүйеген банктер, ауыл шаруашылығы сияқты салаларға қаржы салуға келгенде «тәуекелдердің» барын алға тартып, басын ала қашады. Бұған дейін әлемдік дағдарыс, азиялық дағдарыс, ипотекалық дағдарыс болған кезде Ұлттық қордың қаражаты арқылы банктерді «құтқарып қалуға» қыруар қаражат берілді. Сондықтан аяқтан тұрып, капиталын мемлекет есебінен жақсартып алған банктердің енді мемлекет үшін маңызды саналатын салаларға қаражат құятын уақыты келді.

Ұлттық банктің мәліметіне сүйенсек, жыл басынан бері банктер 1 трлн 38 млрд теңге табыс тауыпты. Қаржы ұйымдары бұл пайданың басым бөлігін тұтынушылық несие беру арқылы алып отыр екен. Яғни, халық алып отырған несиеден түскен пайда. Президент айтқан жаңа заң банктерге экономиканың нақты секторына инвестиция салуға мұрындық болуы тиіс.

Ал банктердің тұтынушылық несиені көп беруі, бизнесті қаржыландырудың төмен болуы, нарықта ретсіздік тудырып отыр. Кәсіпкерік саланың айналымы болу үшін соған арналған төмендетілген, жеңілдетілген несие болуы керек. Бұл мәселе де заңда айқын көрінісі табады деп үміттенеміз.

Кешегі Жолдауда Тоқаев республикалық бюджеттің кіріс бөлігі орындалмай жатқанын да айтыпты. Расында, бюджет қаржысын тиімді пайдаланып, оның шығыс бөлігін шектеп, қатаң бақылауда ұстаған жөн.

Сонымен қатар, көлеңкелі экономика үлесінің жоғары деңгейде қалуы қаржы саласындағы ахуалды ушықтырып тұрғанын айтты. Оны айтарлықтай төмендету үшін мұқият ойластырылған жан-жақты шаралар қабылдаған қажет болады. Атап айтқанда, шекарадағы кеден бекеттеріне қатысты барлық жұмысты тез арада аяқтау қажет. Сондай-ақ сыртқы сауда операцияларынан түсетін кірістің басқа елдерге заңсыз өтіп кетуіне жол бермеу керек.

Осы жолдау негізінен экономикалық сипатқа ие. Оның логикасы түсінікті. Дәл қазір экономикамен басым түрде айналыспасақ, ертең кеш болады. Жауапты құзырлы органдарға тапсырмалар берілді. Енді осының нәтижесін халық сезінуі тиіс.