Арнаның бұрынғы басшысы Мақпал Жұмабай оқиғаға қатысты өз пікірін білдірді, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
Бұл туралы экс-басшы өзінің желідегі парақшасында хабарлады.
"Кешегі күн - “Балапан” телеарнасы мен арнаны әр жылдары басқарған, қызмет еткен барлық азаматтар үшін сын сәті болды.
Мен зорлық-зомбылықтың бәрін, соның ішінде балаларға қарсы жасалған барлық қылмысты айыптаймын. Кешелі бері “Балапан” телеарнасында болды делінген, кейіннен басқа коммерциялық жобада орын алды деген оқиға қоғамды дүр сілкіндіргені рас. Бұл оқиғаны ақтауға келмейтін, орны толмас қасірет деп санаймын. Өзін қылмыс құрбанымын деп жариялаған Нұрғали інімізге жан жарасынан айығуды тілеймін.
Бұл оқиға қоғамдық орындардағы, түсірілім алаңдарындағы, кез-келген жердегі бала қауіпсіздігі мәселесін қайта қарауымыз қажет екенін, бала қауіпсіздігі алдындағы әр тараптың жауапкершілігін жан-жақты сараптау, сонымен қатар, телеарналарға, басқа да ұйымдарға - платформаларға балалардың қатысуымен контент өндіретін кез-келген мекеменің құқықтық жауапкершілігін күшейту қажеттігін көрсетіп отыр.
Әлеуметтік медиада бұл ақпаратты хайп деп жатқандар баршылық. Әрине бұл әңгіме расталмаса, бір баланың болса да зорлығы туралы ақпарат жалған боп шықса қуанар едім. Дәл қазіргі сәтте Нұрғалидың жан саулығы, менталды амандығы - басты мәселе деп білемін. Айтылған деректер тексеріліп, тексеруші ұйымдардың тарапынан нақтыланары анық", - деп жазды ол.