Оксфорд сөздігі жыл сайын заманның рухын бейнелейтін сөзді таңдайды. Биыл ол сөз “brain rot” деп танылды, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
BBC шетелдік БАҚ жазуынша, “Brain rot” әлеуметтік желілердегі сапасыз контентті шамадан тыс тұтынудың миға әсер ететініне алаңдаушылықты сипаттайтын термин. Оның қолданылу жиілігі 2023 жылдан 2024 жылға дейін 230%-ға артқан.
Психолог және Оксфорд университетінің профессоры Эндрю Пшибылски бұл сөздің танымалдылығын «қазіргі замандағы өміріміздің айқын көрінісі» деп атап өтті.
Бұл сөз “demure” (ұялшақ), “Romantasy” (романтикалық фэнтези) және “dynamic pricing” (динамикалық баға белгілеу) сияқты басқа бес терминды артта қалдырып, жеңімпаз атанды.
Brain rot дегеніміз – адамның психикалық немесе интеллектуалдық жағдайының нашарлауы, бұл әсіресе маңызы төмен немесе ойлауды қажет етпейтін материалды шамадан тыс тұтынудың нәтижесі ретінде қарастырылады.
Бұл термин алғаш рет интернет пайда болғанға дейін қолданылған. 1854 жылы американдық жазушы Генри Дэвид Торо өз "Walden" атты кітабында “brain rot” ұғымын енгізген. Ол қоғамның күрделі идеяларды бағаламау тенденциясын және бұл құбылыстың жалпы интеллектуалдық күш-жігердің төмендеуімен байланысты екенін сынаған.
“Brain rot” қазақ тіліне “ақыл-ойдың құлдырауы” немесе “сананың әлсіреуі” деп аударылады. Бұл сөз, әсіресе, әлеуметтік желілерде мағынасыз әрі бос контентті шамадан тыс қолданумен байланысты.
Осы сөздің таңдалуы цифрлық технологиялардың біздің өмірімізге тигізетін әсері туралы жаһандық пікірталастың өзектілігін көрсетеді. Әлеуметтік желілерде өткізетін уақытымызға саналы түрде қарау және менталды денсаулығымызға ерекше көңіл бөлу қажеттілігін тағы бір мәрте еске салады.
Оксфорд тілдері бөлімінің президенті Каспер Гратволь соңғы жиырма жылдағы «Жыл сөзіне» қарап, қоғамның виртуалды өмірдің қалай дамып жатқанына көбірек алаңдай бастағанын көруге болатынын айтады.
“Интернет мәдениеті біздің кім екенімізге және не туралы сөйлесетінімізге терең ықпал етуде. Өткен жылғы жеңімпаз сөз – «rizz» – тілдің онлайн қауымдастықтарда қалай пайда болып, қалыптасып, таралатынының тамаша мысалы болды. Ал “brain rot” виртуалды өмірдің болжалды қауіп-қатерлерін және біздің бос уақытымызды қалай пайдаланатынымызды көрсетеді.”
Бұл сөз заманауи мәдениет пен интернеттің өмірімізге тигізетін әсеріне деген көзқарастың бейнесі болып табылады.
Расында, әлеуметтік желілер біздің санамызды “бұзады” ма, әлде бұл тек асыра сілтеушілік пе?