"Ақыры ойнаған соң қазақстандық ойындарды ойнайық": Премьер-министрдің сөзі халықтың ашуына тиді

21 қаңтарда үкімет мүшелері Қазақстанда IT-қызметтердің экспортын дамыту мәселесін талқылады. Онлайн ойын ұсынған стартаперлердің бірі сөз сөйлегеннен кейін премьер-министр қазақстандық ойынға қызығушылық танытып,  бос уақытында жүктеп алып ойнауға уәде берді. Алайда бұл сөзі халықтың қытығына тиді, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.

"Бұл қандай ойын, айтыңызшы?", – деді премьер-министр.

Стартапер оны телефондағы мета-кеңістік деп атап, GTA ойынын еске түсіретінін жеткізді. 

"Бұл – GTA-ны еске түсіретін телефондағы мета-кеңістік. Оны кез келген адам телефонмен ойнай алады, желіде араласатын ашық әлем деп қарастырсақ болады", – деді ол. 

Стартапердің айтуынша, ойын AppStore және Play Market дүкендерінде қолжетімді. Осыдан кейін премьер-министр ойынды жүктеп алып, бос уақытында ойнайтынын жеткізді.

"Мен бұл ойынды өзіме жүктеп алам да, бос уақытымда ойнаймын. Ақыры ойнаған соң қазақстандық ойындарды ойнайық. Барлық әріптестерімді соған шақырамын. Менің әріптестерімнің ойнайтынын білем"- деді ол.

Алайда Үкімет басшысының жауабы халықтың наразылығын тудырды. Елде қымбатшылық, инфляция шарықтап бара жатқанда қайдағы ойын деп ашынды.

"Қайдағы саған бос уақыт, қайдағы компьютерлік ойын, ел экономикасы тоңқалаң асып, инфляция шарықтап кетіп бара жатқанда. Сен анау азық-түлік бағасы қалай өсіп жатқанын көрдің ба өзі? Мұндай жағдайда есі дұрыс Премьер бүкіл кабинетімен қоса компьютер ойыны емес, күніне 24 сағат, аптасына 7 күн жұмыс істеуі тиіс", - деп жазды блогер Мұхтар Түменбай.

"Сен түгіл безработный менде уақыт жоқ ойын ойнауға....Бала-шағаны үкіметке, жоғары қызметке жолатпаңдар деп қанша айтамын? Бұлар компьютерный клубта, казинода жүретін адамдар ғой....", - деп жазды журналист Сәуле Әбілдаханқызы.