Алаштанушылар Әлихан Бөкейханның халықаралық деңгейде ұлықталуын сұрады

Әлихан Бөкейханның туғанына биыл 148 жыл. Бірақ репрессияға ұшырап, атылып кеткен Алаш арысының қай жерде жерленгені әлі күнге белгісіз. Оның ұрпағына да туған жерден топырақ бұйырмаған. Тек жақында қазақ көсемінің күйеу баласы, мемлекет қайраткері Смағұл Сәдуақасовтың денесінің күлі Мәскеуден астанаға жеткізілген еді. Әлихан Бөкейханды  туған күні қарсаңында еске алған жұрт дәл осы бейіт басына жиналды.

Әлихан Бөкейханның бар ғұмыры қазақтың тәуелсіздігі үшін бейбіт күреспен өткен. Ол Алаш үкіметін құрушылардың бірі. Биыл қайраткердің қазақтың басын біріктіріп, еркін ел ету жолындағы бейбіт күресі, зерттеулері 9 томдық жинақ болып шықты. Алайда, авторлар Алаш арысының жазбаларын әлі де толық қамтылмағанын айтады. Оның үстіне таралымы да  тым аз. Бұл - Алаш идеясын дәріптеуге деген дәрменсіздігімізден дейді ғалымдар. 

Сұлтан Хан Жүсіп, Алаштанушы:

-Әлихан Бөкейханның 9 томдық шығармаларын шығардық. Ол 17 миллион халқы бар, 12 мыңдай орта мектеп, жүздеген оқу орындары бар болса, екі мың дана жұғын бола ма? Сол екі мың данамен қазаққа кіршіксіз еңбек еткен адамды толық насихаттай аламыз ба?

Әлихан Бөкейхан өзінің өткір ойларын қазақ газеттері арқылы ғана жеткізіп қоймай, француз басылымдарымен де жасырын байланысы болған екен. Қазір ғалымдар осы мәліметті зерттеу үсінде. Көсемнің 150 жылдығына орай өзге де тың деректерді топтастырып, 16 томдық жинағын жарыққа шығармақ.


Сұлтан Хан Жүсіп, Алаштанушы:

-Әлекең 1930 жылдардың ортасына дейін француздардың ең ықпалды басылымымен құпия түрде мақала жариялап тұр деген мәлімет бар. Біз оны қазір зерттеп жатырмыз. Ол да бір том болып қалуы мүмкін.

Ең өкініштісі ұлты үшін түрмеге тоғытылып, соңында жаламен атылған Алаштың арасын тәуелсіз еліміз жоғары деңгейде насихаттай алмай жүр деп ашынады тарихшылар. Мәселен, Астанада Әлихан Бөкейханның есімі берілген шағын көшеден басқа түк жоқ. Белсенділер Елордадағы бірде бір мемлкеттік нысанның атын алып бере алмапты.

Сәбит Байдалы, мәдениет қайраткері:

-Астанада  үлкен көшенің Мирзоянның атымен  аталады. Сол Мирзоянның қазір қазақ халқына жасаған жақсылығынан қысастығы көп болғаны ашылып жатыр. Сол Алаш рухын мазақ еткен сияқты болады маған. Неге үлкен даңғыл Әлихан Бөкейханның атында болмау керек?

-Көңіл қуантарлығы, Әлихан Бөкейханның 150 жылдығына ерекше көңіл бөлінбек. Алаш үкіметін зерттеуші ғалымдар бұл датаның ЮНЕСКО аясында тойлануын талап етіп, бүгін Үкіметке хат жазды. Егер, тарихшылардың сөзі жерде қалмаса, екі жылдан кейін Алаш идеясы әлемдік деңгейде жаңғырмақ.