«Еуразия» кинофестивалінде Голливудттық стильге жақындатып, мұнда қызыл кілем жаятын әдет қалыптасқан. Бірақ оған отандық әртістердің киіну мәдениеті әлі де сай келмейтіндей. Дей тұрғанымен, барын салып, әдеміленіп келгендері де жетерлік.
Әсел Садуақасова, актриса:
- Бұл – еліміздегі танымал дизайнер тіккен қымбат көйлек. Бірақ бағасы қанша екенін айта алмаймын. Ал фестивальге келер болсақ, барлық көрсетілімдерге қатысуға тырысамын.
Асылхан Төлепов, актер:
- Биылғы кинофестиваль ерекше. Себебі 10-шы «Еуразия» Шәкен атамыздың 100 жылдығына арналып отыр. Көбінесе Шәкен ағамыздың фильмдерін көрсетеді.
Биыл фестивальге мега болмаса да, танымал деген бірқатар жұлдыздар легі шықырылыпты. Әрине, басым бөлігі ресейлік әртістер. Олардың арасында бүгінде депутат болып отырған актриса Анастасия Мельникова да бар. Ол Қазақстаннан түскен шақыртуды бірден қабылдағанын айтады.
Анастасия Мельникова, актриса: (Ресей)
- Шынын айтсам, мені сынайтындар көп. Кезінде Настяның актрисалықта несі бар, филолог болса жарар еді десе. Енді актрисалығы дұрыс еді, депутаттығынан көрі дейді. Қалай болғанда да мен елімнің мәдениетін дамытуға ниеттімін. Сондықтан сіздердің мәдени саладағы саясаттарыңызбен танысуды құп көрдім.
Тағы бір ресейлік қонақ - Валерий Николаев болса, журналистермен өткен кездесуде қойған біраз сұраққа жауап бермей, көпті әбігерге салды. Сөйтсек, актердің сауал қояр тілшіні тек өзінің таңдайтын әдеті бар екен.
Ал салтанатты шара барысын сөз етсек, биылғы фестиваль тақырыбы - Шәкен Аймановтың туғанына 100 жыл толу құрметіне арналған. Яғни, байқаудан тыс көрсетілімдерде ұлы режиссердің біраз туындыларын көруге болады. Бұдан өзге апталық барысында бүгінгі қазақ және корей киносы, қысқа метражды фильмдер легі және батыс-шығыс киносы сынды қосымша топтағы картиналарды тамашалауға мүмкіндік бар. Ал негізгі додаға биыл 60-қа жуық елден өтініш келіп түсіпті.
- Осымен 10-шы мәрте Алматы төрінде басталған киносайысқа бұл жолы 180 картинаның ішінен іріктеліп алынған 12 фильм бағын сынамақ. Соның бірі қазақ режиссері Ермек Шынарбаевтың «Дала дауысы» картинасы. Отандық киногерлердің болжамы бойынша фильм жүлделі орынның біріне лайықты. Ал фестивальдің қорытындысы 20 қыркүйекте белгілі болмақ.