Алаяқ ретінде күдікті деп танылған Оңтүстік Қазақстандық әйел Өзбекстаннан Қазақстанға экстрадицияланды



Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, Өзбекстан ІІМ-нің қызметкерлері Оңтүстік Қазақстан облысына осы облыстың Сайрам ауданында туған әйелді экстрадициялады. Бұл әйел 2003-жылдан бері іздеуде жүрген.

Тұтқын бірқатар алаяқтық қылмыстарға қатысы бар күдікті деп танылып отыр. Мәселен ол 8 адамнан құралған қылмыстық топ құрған, олардың арасында әлеуметтік қамсыздандыру қызметкерлері де болған. Олар қитұрқылықты бір схемамен жүзеге асырып келген. Отбасының асыраушысы қайтыс болғандығы туралы жалған куәлікпен кәмелеттік жасқа жетпеген балаларға жәрдемақы тағайындалып келген. Қылмыстық топ 2000 және 2003-жылдар аралығында әрекет еткен. Анықталған 20 алаяқтық деректері бойынша келген шығын көлемі 1,5 млн. теңгеге тең.

2003-жылы Абай аудандық ІІБ-ның қызметкерлері осы топтың 8 мүшесін қолға түсірген. Олардың бәріне де түрлі жаза жүктелді. Ал қылмыстық топты ұйымдастырушы көп уақыттан бері Өзбекстанда жасырынып жүрген.

Қазір тәртіп сақшылары тұтқын әйелге ҚР Қылмыстық кодексінің қылмыстық топ құру және ірі көлемдегі алаяқтық әрекет жөніндегі екі бабы бойынша айып тағу үшін дәлелдер базасын жинақтауда.