Алаяққа сенген ақтөбелік тұрғын банкке 4 млн теңге қарыз болып қалды, - деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Алаяқтар жәбірленушілерге қоңырау шалып, өздерін банктің қауіпсіздік қызметі қызметкерлері ретінде таныстыра отырып, олар алаяқтыққа қарсы жұмыстар жүргізіп жатқанын, жәбірленушілердің шоттарынан күдікті транзакциялар жүргізіліп жатқанын түсіндіреді.
Жәбірленушілерден ақшасын қорғау мақсатында телефонына Rustdesk қосымшасын жүктеп алуды сұрайды. Негізінде, бұл қосымша смартфонға және жәбірленушінің мобильді банкинг қосымшасына толық қолжеткізуге мүмкіндік береді.
Банкинг қосымшасына қолжеткізе отырып, алаяқтар жеке шоттарға заңсыз транзакциялар жасайды. RustDesk қосымшасы танымал Anydesk қосымшасының балама түрі. Интернет-алаяқтық пен киберқылмыстың алдын алу бойынша жүргізіліп жатқан профилактикалық іс-шараларға қарамастан, алаяқтық саны азаймай отыр.
Биыл облыс аумағында осы қосымшаны пайдалана отырып жасалған интернет-алаяқтықтың 3 дерегі тіркелді. Мысалы, 44 жастағы жергілікті тұрғын қалалық полиция бөліміне хабарласып, белгісіз біреудің телефонына қоңырау шалғанын және өзін банктер қауымдастығының қауіпсіздік қызметкері ретінде таныстырып, оның банктік шоты бойынша күдікті операциялар туралы хабарлағанын айтты.
Жәбірленушінің сауалнамалық деректерін нақтылай келе, алаяқтар Rustdesk қосымшасын жүктеп алуды сұрап, оның көмегімен жәбірленушіге жалпы сомасы 4 миллион теңгеге түрлі банктерде кредиттер ресімдеген.