Албания билігі TikTok желісіне бір жылға шектеу қоймақ

Айтуынша бұл оқушылардың білімге назар салып, дамуына көмектеседі. Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Stan.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Albanian Daily News - тің жазуынша, 21 желтоқсанда Тиранда албандық мұғалімдермен, ата-аналармен және психологтармен кездесуде премьер-министр Эди Рама TikTok-ты "ауладағы бұзақыларға" теңеді. Сол себептен шектеу шарасы 2025 жылдың басынан бастап күшінде болатынын мәлімдеді.

"Біз оны бір жылға жауып, оқушылардың біліміне қызмет ететін және ата-аналарға балаларының дамуын бақылауға көмектесетін бағдарламаларды енгіземіз", - деді ол. 

Сондай-ақ, Албанияның Білім министрі барлық мемлекеттік мектептерде "Ақылды қала" жобасы аясында зияткерлік камералар орнатылатынын жеткізді. Бұл өз кезегінде оқу орнының ішінде тиімді мониторингті қамтамасыз етеді.

Өткен айда Албанияда 14 жасар баланы сыныптасының өлтіруі қызу талқыға түсті. Ата-аналар, психологтар мен тәрбиешілер балалардың мінез-құлқына әлеуметтік желінің әсер етіп жатқанын айтқан еді.