Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, Канаданың Альберта Корольдік соты сауда-саттықты доғара тұру туралы шешім қабылдаған жағдайда ЛУКОЙЛ өз инспекторын тағайындайды. Ол Стокгольм сауда палатасы компанияның артықшылық құқыққа ие екенін мақұлдап шешім шығарғанға дейін бірлескен кәсіпорындағы үлесін басқаратын болады.
Баспасөз қызметінің хабарлауынша, сонымен бірге PetroKazakhstan компаниясы ЛУКОЙЛ-дың талабын негізсіз деп санап, оған қарсы шағымданбақшы.
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, 5-қазанда ЛУКОЙЛ Оверсиз Стокгольм арбитраждық сотына PetroKazakhstan компаниясының үстінен "Торғай Петролеум" АҚ-ындағы 50 проценттік үлесті сатып алу құқығы бойынша артықшылыққа ие екендігі жөніндегі дауға байланысты шағым берген.
Бұған дейін ЛУКОЙЛ халықаралық соттарға PetroKazakhstan компаниясының үстінен 500 млн. доллардың шығынына ұшыратты дегенді алға тартып бірнеше шағым түсірген.
ЛУКОЙЛ Оверсиз Құмкөл Б.В." (50%) және PetroKazakhstan Inc. компаниялары 50 проценттік үлеспен бірлесе құрған "ТорғайПетролеум" АҚ Қызылорда облысындағы Құмкөл кенішінің солтүстік бөлігінде мұнай өндіреді. 2003-жылы Құмкөл-Жосалы бағытында 177-шықырымдық мұнай құбыры пайдалануға берілді. "ТорғайПетролеум" АҚ 30 мың тонна көлеміндегі алғашқы мұнайды КТК құбыр жүйесіне 2003-жылдың қазан айында жолдады.
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, 22-тамызда PetroKazakhstan акционерлері компанияны Қытайдың CNPC компаниясының еншілес кәсіпорны - CNPC International Ltd. компаниясына 4,18 млрд. долларға (бір акцияны 55 долларға) сату туралы келісімге келгенін мәлімдеді.
2005-жылдың 18-қазанында PetroKazakhstan Inc. компаниясы акционерлерінің арнайы жиналысы Калгари қаласында өтеді. Онда акционерлер компанияны Қытайдың CNPC компаниясының еншілес кәсіпорны - CNPC International Ltd-ге сату туралы ұсыныс - келісімге байланысты дауыс береді. Сауда-саттықты мақұлдау үшін акционерлердің 66 проценті дауыс беруі қажет.
Сауда-саттық 2005-жылдың қазан айында аяқталады деп күтілуде.
i>Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті