ҚР Туризм және спорт министрлігінен мәлім еткендей, Visitkazakhstan.kz сайты Қазақстанның туристік имиджін нығайту және оның туристік өнімдерін халықаралық нарыққа шығару мақсатында әзірленіп отыр. Туризм индустриясы комитеті веб-сайттың ресми тұсаукесерін шілденің алдағы 30-ы күні Астанада өткізбек.
Visitkazakhstan.kz - Қазақстандағы туризмді жаңа қырынан көрсететін - республикалық туристік портал. Сайтта еліміздің барлық өңірлеріндегі - көрнекті орындар, саяхаттар, онлайн режімде бронь жасауға болатын қонақ үйлер мен басқа да қызметтер түрі, тұрақты түрде жаңартылып отыратын оқиғалар мен жаңалықтар желісі бар.
«Мұның бәрі ұлттық туристік өнім, қажетті туристік ұйымдар мен әріптестер туралы ақпаратты іздестіруге уақытты үнемдейді», - деп атап өтті министрліктен.
Туризм дүниежүзіндегі ең ірі және тез дамып келе жатқан индустриялардың бірі және сервис саласындағы доминант болып табылады. Соңғы жылдары Қазақстан әлемдік туризм саласында өзінің оң имиджін қалыптастырып, үлкен жетістіктерге қол жеткізді. Visitkazakhstan.kz туристік порталы бұл үрдістерді одан әрі жылжытуға мүмкіндік береді деп күтілуде.