Алдағы тәуліктерде жаңбыр көп жаууға байланысты республиканың оңтүстік өңірлерінде су тасқыны болып, сел жүріп, көшкін түсуі мүмкін - "Қазгидромет" РМК

Мекеменің хабарлауынша, қатты нөсерге байланысты Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл және Алматы облыстарының таулы аудандарында 27-28 -наурызда көшкін түсу қаупі бар, сондай-ақ, нөсер суынан тасқын болу мүмкіндігі бар. Батыс Қазақстан, Атырау облыстарындағы өзендерде көктемгі су тасқыны толқындарының күшеюі байқалмақ. Ақтөбе, Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстарындағы жекелеген өзендерде мұз қабатының көбесі сөгіліп, су деңгейі көтерілмек.

Сонымен бірге 25-наурыз күнгі 10 сағат 00 минут пен 27-наурыз күнгі 17 сағат 00 минут аралығында Шығыс Қазақстан облысында Риддер аумағында күн жылынатындығына байланысты көшкін түсу қаупі артқандығы жарияланды.

Сондай-ақ, "Қазгидромет" РМК ақпаратына сәйкес, 27-наурызда Ақмола , Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл және Қызылорда облыстарында батыстан соққан желдің қуаты секундына 17-22, кей жерлерде секундына 25-28 метрге жетеді.

РМК ақпаратына сәйкес, еліміз аумағының басым бөлігінде атмосфералық фронттардың өтуіне байланысты бұлтты әрі жаңбырлы күн райы сақталады. Ақмола, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстарында кей жерлерде желдің жылдамдығы секундына 15-20 метрге жетпек. Жамбыл , Оңтүстік Қазақстан облыстарында секундына 15-20 метр жел соғады. Ақтөбе , Қостанай, Қарағанды облыстарында кей жерлерде тұман түседі.


Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті