«Футбол - бұл бұқаралық-саяси спорттың түрі және біз бұған барынша көңіл бөлеміз. Бөлінетін қаражат та аз емес. Алайда, осы бағытта айтарлықтай нәтиже жоқ. Мен негізінен алдағы уақытта қазақстандық футболдың Еуропада емес, Азия құрлығында болғанын қалар едім. Олай болса, біз қайсыбір матчтарды жеңіп, тіпті 1-6 орындар аралығы бойынша таласу мүмкіндігін алар едік», - дейді министр Т. Досмұхамбетов. Сонымен қатар, ведомство басшысы бүгінгі күні Қазақстан Футбол федерациясының президенті Ә. Жақсыбековпен бұл мәселені талқылағанын айтып өтті.
«Ал резервтерді қамтуға келетін болсақ, әрине біз ұлттық ойыншылардың болғанын қалаймыз. Бүгінгі күні 27 адам Бразилияда жаттығып жүр. Олар 14 жастан бастап 18-ге толғанша сол жақта доп тебуді терең меңгерулері шарт. Бұл жеткіншектер қазірдің өзінде өте жақсы әзірліктен өтіп жатыр деуге болады. Олардың екеуі Бразилия ұлттық құрамасының жастар құрамына өтті. Келісімшарт бойынша осы дайындықтан өтушілердің ешқайсысы шетелде қалып қоймайды әрі шартқа сәйкес дайндықтан кейінгі жеті жыл бойы біздің ұлттық құрамада ойнауға міндетті. Бұл мәселе келісімшартта нақты көрсетілген. Менің ойымша, осы өрендер елге оралғанда біздің футбол да еңсесін көтеретін шығар», - деді Т. Досмұхамбетов.