Алдағы жылыту маусымына дайындыққа байланысты барлық мәселелер 1 қазанға дейін шешілуге тиіс - премьер-министр

"Облыстар, Астана және Алматы қалаларының әкімдері бұл мәселені тікелей өз бақылауларына алып, 1 қазанға дейін мәселені шешуге тиіс", - деді Кәрім Мәсімов.

Ол сондай-ақ, білім беру және денсаулық сақтау нысандарын айрықша бақылауға алуды тапсырды. "Егер қандайбір ауданның аумағында проблема туындай қалса, мен облыс әкімдеріне осы ауданның әкімін бірден жұмыстан шығаруды тапсырамын", -деп мәлімдеді үкімет басшысы.

Энергетика және минералды ресурстар вице-министрі Дүйсенбай Тұрғановтың мәлімдеуінше, "биыл жөндеу жұмыстарының көлемі өткен жылғымен салыстырғанда біршама жоғары. Биыл 9 энергоблокқа, 70 талдамалық қазандыққа, 54 турбинаға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуге тиіс. Яғни, бұл сан қазандықтар бойынша 18%, турбиналар бойынша 27-28% артық. Электр және жылу желілері де үлкен көлемде жөнделуге тиіс", - деді ол.