Александр Винокуров «Льеж-Бастонь-Льеж» көпкүндігін сатып алған деген ақпарат жоққа шығарылды

Кеше Халықаралық велоспорт федерациясы осы іске қатысты тексерісті жауып тастады, деп хабарлайды «Аламан» ұлттық спорт порталы.

Естеріңізге сала кетейік, 2011 жылғы желтоқсанның бас кезінде швейцариялық «Иллюстре» басылымында белгілі қазақстандық велошабандоз Александр Винокуровқа қатысты негіссіз жала жабылғанын Қазақстан велоспорты федерациясы жариялаған болатын.

«Қазақстан велоспорты федерациясы әрқашан спорттың әділ болуын қалайды. Осы орайда біздің велошабандоздар тек спорттық күш-жігерді ғана ұстанады»,-делінген аталған федерациясының таратқан мәліметінде.

«Александр Винокуров «Про Тим Астана» командасының капитаны болып табылады. Ол бүгінде табысты спортшы ретінде еліміздің болашақ чемпиондары үшін тек велосипед спортында ғана емес, сонымен қатар басқа да тартысты додаларда үлгі болып отыр. Федерация Александрдың спортта өзінің жеңісті жолын жалғастыратынына және еліміздің қоғамдық өмірінде тиісті үлес қосатынына сенім артады»,-делінген таратылған мәліметте.

Швейцариялық журналистер А. Винокуровты 2010 жылы Льеж-Бастонь жарысы барысында ресейлік Александр Колобневке пара берді деп жала жапқан еді.