Кездесудің 6-шы минутында Максим Орлов есеп ашса, алғашқы үзіліске санаулы минуттар қалғанда Роберт Крайчи есепті еселей түсті. Бәсекенің келесі кезеңінде бүгінгі матчтағы бірінші голдың авторы Максим Орлов қанжығасын екінші рет майлады. Алаң иелері жай тапқан тұста бастарын көтерген қонақтар шешуші кезеңнің ортасында есепті қысқартақандай болған. Бірақ қаһарына қайта мінген «Арыстан» лезде «Торпедоны» екі рет ойынды ортадан бастауға мәжбүр етті. Соңғы қос шайбаны Елгиз Нуриев соқты. Осы жеңістен кейін 93 ұпай жинаған «Арыстан» турнир кестесінде үшінші орынға көтерілді. Ал көш соңында қалып қойған «Торпедо» әлі күнге ұпайдан жұрдай.
Ресейлік «Спорт экспресс» газетінің Сочи олимпиадасы қарсаңындағы жорамалы бізге майдай жағып отыр. Елге танымал басылым үш күннен кейін жалауын көтеретін ақ ойындарда Қазақстан құрамасына қос алтын және бір қола медаль сайлап қойыпты.
Ең қызығы қос алтынды ел қоржынына шаңғышы Алексей Полторанин салып бермек. «Спорт-Экспресстің» жорамалына сенсек, ұлттық құраманың лидері марафондық масс-старт пен 15 шақырымдық қашықтыққа классикалық әдіспен жарысудан чемпион атануы мүмкін. Ал ел қоржынына түсетін қола жүлдені конькимен жүгірудің шебері Денис Кузиннен күтеді екенбіз. Былтыр 1000 метрлік дистанцияға жарысудан әлем чемпионы атанған жерлесіміз Сочиде қоланы місе қылады-мыс. Дегенмен ресейлік басылымның болжамы, орындалып жатса біз қарсы емеспіз.
Футболдан Англия премьер-лигасының кезекті ойындары өтті. 24-ші турдың орталық матчында «Манчестер Сити» өз алаңында «Челсиды» қабылдады.
Алғашқы он минутта манчестерліктер ширақ ойнаған. Бірақ қалған уақытта қонақтар ойын тізгінін уысында ұстады. Бірінші таймның ортасында Эден Азар мен Рамирес бастаған шабуыл нәтижелі аяқталды. Айып алаңдағы қарбаласта кері серпілген допты қақпада тулатқан Бронислав Иванович. Алаң иелері Испаниялық жартылай қорғаушы Хесус Навастың көмегімен есепті теңестіруге талай әрекет жасаса да, қонақтар қорғанысы сыр бермеді. Сырт алаңда басты қарсыласын ұтқан “Челси” 24-ші турдан кейін “Манчестер Ситимен” теңесті. Ал көш басында “Арсенал”.