"Әлем аруы" байқауына қатысқан қыз ауылға барып, бау-бақшамен айналысты

"Әлем аруы" байқауына қатысқан Сабина Әзімбаева Еңбекшіқазақ ауданындағы алғашқы агротурға қатысты.

Шараға "Алматы аруы-2018" байқауына қатысушылар — Анастасия Феер, Альмира Өтегенова, Камила Қожаханова, Бану Сәттібек және Индира Маханова да ат салысқан.

 

"Алматы аруы 2017" жеңімпазы, "Әлем аруы 2018" қатысушысы Сабина Әзімбаева тілшілермен бөліскендей, сұлулығы мен мықты денсаулығының кепілі дұрыс тамақтану екен.

"Кішкентай кезімде бау-бақшада еңбек еткенді жақсы көретінмін: жаз басталғанда егін егіп, күзде өнімді жинап алу қандай керемет. Осы агротурдың арқасында балалық шаққа саяхат жасап, әжемнің ауылына барып келгендей болдым", – дейді ару.

"Еңбекшіқазақ ауданы жергілікті қауымдастықтарының қоры" ҚҚ атқарушы директоры Бақытгүл Елшібаеваның айтуынша, қазіргі жастар ауыл өмірінен бейхабар, көпшілігі көкөністерді қалай өсіруді білмейді.


 

"Олардың көпшілігі ауылда болмаған, интернет пен телефонсыз өмірді елестете алмайды. Осындай агротурлар қала тұрғындарына ауыл өмірінің жақсы тұстарын көрсетіп, фермерлердің өнім өндіру технологиясымен жақынырақ танысуға мүмкіндік береді", – дейді Елшібаева.

Шара ұйымдастырушылары атап өткендей, мұндай демалыс түрі қала тұрғындары үшін өте қолайлы – бағасы қолжетімді, өте алыс емес, экологиялық таза өнімдер, табиғатқа жақындау түсу мүмкіндігі және көкөністерді өсіру әдісімен танысу.