Әлем елдері ЖИ-ді білім беру жүйесіне қалай енгізіп жатыр

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы kaz.inform.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Аспан асты еліндегі ЖИ дәуірі

Қытай жасанды интеллектіні білім беру жүйесінің стратегиялық өзегіне айналдыруды көздеп отыр. «AI Plus Education» бастамасы аясында ел бұл технологияны оқыту процесіне ерте жастан бастап енгізуді жоспарлайды. ҚХР Білім министрлігінің мәліметінше, 2030 жылға қарай жасанды интеллект бойынша кешенді оқыту жүйесі қалыптасуы тиіс.

Осы мақсатта бастауыш және орта мектептерде ЖИ-ді оқыту қарқынын жеделдету қарастырылып отыр. Оның аясында арнайы курстар ашылып, жасанды интеллект тақырыбы түрлі пәндерге кіріктіріледі. Сонымен қатар бұл бағыт сыныптан тыс бағдарламалар мен практикалық сабақтар арқылы да күшейтілмек. Мұндай тәсіл оқушыларға технологияны тек теория жүзінде емес, күнделікті оқу тәжірибесінде меңгеруге мүмкіндік береді.

ЖИ: университеттен бастап экономиканың өзегіне дейін

Қытай университеттерінде ЖИ негіздерін барлық студенттерге арналған базалық оқу бағдарламасына енгізу ұсынылды. Сонымен қатар ЖИ мен өзге салаларды ұштастыратын пәнаралық курстар әзірлеу көзделген. Бұл өз кезегінде жоғары оқу орындарын еңбек нарығының ауыспалы талабына бейімдеп, озық технологиялар мен жаңа бизнес-модельдерге сай мамандықтардың пайда болуына жол ашады.

Осылайша, ЖИ оқыту тиімділігін арттыратын құралға айналмақ. Құжатта мұғалімдердің жүктемесін азайту мақсатында цифрлық технологияларды белсенді қолдану да қарастырылған. Енді ЖИ үй тапсырмаларын тексеру, интеллектуалды бағалау жүргізу, оқушылардың сұрақтарына жауап беру және цифрлық тәлімгерлік қызметін атқару үшін пайдаланылуы мүмкін. Сонымен бірге ол оқыту әдістерін жетілдіруге мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, мұғалімдерді аттестациялау және сертификаттау жүйесіне де ЖИ технологияларын енгізу жоспарланып отыр.

Бастама Қытайдың жасанды интеллектіні дамытудағы ұзақ мерзімді стратегиясымен сабақтас. Ел саланы шамамен 10 жыл бұрын жүйелі дамыта бастады. Содан бері сектор айтарлықтай өсіп, бүгінде ЖИ компанияларының саны 6 мыңнан асты, 2025 жылы оның жалпы көлемі 1,2 трлн юаньға жетті.

2026-2030 жылдарға арналған 15 жылдық жоспар аясында Бейжің жасанды интеллект саласындағы көшбасшылықты нығайтып, оны экономиканың негізгі бағыттарына кеңінен енгізуді көздеп отыр.

Эстониядағы терең интеграция

Еуропадағы білім беру мен цифрлық технологияны ұштастырудың айқын үлгісі ретінде Эстония тәжірибесі ерекше назар аудартады. 2022 жылғы PISA тестілеуінің нәтижесінде ел математика, жаратылыстану ғылымдары және шығармашылық ойлау бойынша Еуропада бірінші орынға, ал оқу сауаттылығы бойынша Ирландиядан кейін екінші орынға шықты. Бұл жетістік цифрлық технологияларды жүйелі енгізудің нәтижесі ретінде бағаланып отыр.

Эстонияның білім беру моделіндегі басты ерекшелік – цифрландырудың терең интеграциясы. Осы бағыттағы жүйелі саясаттың жалғасы ретінде 2025 жылы елде AI Leap ұлттық бастамасы іске асты. Жоба Еуропада жасанды интеллектіні білім беру жүйесіне енгізуге бағытталған ең ауқымды эксперименттердің бірі саналады. Үкіметтің мәліметінше, бастама оқушылар мен мұғалімдерді жасанды интеллект саласындағы заманауи құралдар мен дағдылармен қамтамасыз етуге бағытталған. Жоба аясында Эстония үкіметі OpenAI компаниясымен бірлесіп орта мектептерге арналған арнайы ЖИ платформасын енгізді.

Осылайша, бастаманың негізгі мақсаты айқындалды. Ол – 2027 жылға қарай 58 мың оқушы мен 5 мың мұғалімге жасанды интеллект негізіндегі оқу құралдарына тегін қолжетімділікті арттыру.

Бүгінде платформа кеңінен қолданысқа ене бастады. Атап айтқанда, елдегі жоғары сынып оқушыларының шамамен жартысы жүйені пайдаланып үлгерген, ал қалған бөлігі оған алдағы уақытта қосылады деп күтілуде. Сонымен қатар кәсіптік білім беру ұйымдары да келесі оқу жылынан бастап осы жүйеге көшпек.

Эстонияның білім және ғылым министрі Кристина Каллас бастаманы тұтас оқыту жүйесін қайта жасақтау деп сипаттайды.

БАӘ мектептеріндегі бастама

Жасанды интеллектіні білім беру жүйесіне жүйелі түрде енгізіп отырған елдердің қатарында Біріккен Араб Әмірліктері де бар. Өткен жылы ел ЖИ-мен жұмыс істеуді міндетті оқу бағдарламасына енгізді. Реформаның басты мақсаты – оқушыларға жасанды интеллектіні тек түсіндіріп қана қоймай, оны күнделікті өмірде тиімді қолдану дағдыларын қалыптастыру.

Осы бағытта Білім министрлігі ауқымды дайындық жұмыстарын жүргізді. 1000 мұғалім арнайы оқытудан өтіп, жаңартылған оқу бағдарламалары әзірленді. Мұғалімдерге дайын сабақ жоспарлары, оқу тапсырмалары мен әдістемелік материалдар ұсынылды. Сонымен қатар бағдарламаны тиімді іске асыру үшін барлық мемлекеттік мектептерде арнайы мониторинг комитеттері құрылды.

Бағдарламаның мазмұны жеті негізгі бағытқа негізделген. Олар – базалық түсінік, деректер мен алгоритмдер, бағдарламалық қамтамасыз етуді пайдалану, этикалық сауаттылық, практикалық қолдану, инновация және жобалау, сондай-ақ саясат пен қоғаммен өзара іс-қимыл. Осылайша, ЖИ тек техникалық білім ретінде емес, кең ауқымды функционалды дағды ретінде қарастырылған.

Бағдарлама оқушылардың жас ерекшеліктеріне қарай кезең-кезеңімен енгізіледі. Мәселен, 4 жастағы балалар ЖИ-мен ойын, визуалды тапсырмалар арқылы танысады. Кейінгі деңгейде оқушылар адам мен робот, машинаны ажыратуды үйренеді, ал 10-14 жастағылар жасанды интеллект жүйелерін құру және бағалау негіздерін меңгереді. Ал орта мектепте сұранысты бағдарлау мен цифрлық модельдермен жұмыс істеуге ерекше көңіл бөлінбек.

Жасанды интеллект сабақтары жеке пән ретінде оқытылады, сонымен қатар информатика курстарымен кіріктірілген форматта да жүргізіледі. Аталған тәсіл білім беру процесін икемді етуді көздейді. Жеке мектептерде бағдарлама 2026-2027 оқу жылында енгізіледі деп жоспарланып отыр.

Еске салайық, Оқу-ағарту министрлігінің Білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті төрағасының орынбасары Жәмилә Есанова Jibek Joly телеарнасының «Бүгін.LIVE» бағдарламасында мектептерге ЖИ енгізудің алғашқы қадамдарын егжей-тегжейлі түсіндіріп берді.