Әлемде әрбір 37 секунд сайын 1 адам, жылына 3 миллион адам неден көз жұмады?

«Қазіргі таңда әлемде тромбоздан әрбір 37 секунд сайын 1 адам немесе жылына 3 миллион адам көз жұмады. Бұл СПИД, сүт безі мен еркектердің жыныс безінің обыры, жол апаттарынан қайтыс болатындардан 3 есе көп. Қауіпті дерт жас талғамайды. Оған балалар да, жастар да, қарт кісілер де шалдығуы мүмкін. Мұның басты себептерінің арасында қозғалыстың аздығы, шылым тарту, алкогольді ішімдіктер ішу, артық салмақ, әйелдерді жүктіліктен қорғайтын контрацептивтік дәрілер сынды факторларды атауға болады», - деп бейсенбі күні «Интерфакс-Қазақстан» агенттігінде өткен баспасөз мәслихатында ҚР Флебологтар қауымдастығының президенті, профессор Тоқан Сұлтанәлиев мәлім етті.

Оның айтуынша, тромбоздың белең алуына халықтың аталған проблемадан хабарсыздығы түрткі болып отыр.

«Халықаралық тромбоз және гемостаз қоғамы жүргізген зерттеу нәтижесіне сүйенсек, ересек адамдардың шамамен 50 пайызы өкпе артериясының тромбоэмболиясы мен аяқ тамырларының тромбозы сырқатынан мүлдем бейхабар. Респонденттердің 44 пайызы тромбтың кез-келген сәтте үзіліп, өкпе артериясының тромбоэмболиясына әкеп соқтыруы мүмкін екеніне сенбейді. Басым көпшілігі тромбоздың алдын алуға болатынын білмейді», - дейді профессор.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының болжамынша, 2030 жылға қарай жүрек-қан тамыры ауруларынан көз жұматындар саны 24 миллионнан асуы мүмкін. Жүрек-қан тамыры жүйесіндегі ақаулардан болатын инфаркт, инсульт пен көктамыр тромбоэмболиясына әкеп соқтыратын басты себеп осы тромбоз, дейді мамандар.

Сол себепті Халықаралық тромбоз және гемостаз қоғамы 2014 жылдың 13-қазанын Дүниежүзілік тромбоз күні ретінде атап өтуді ұйғарды.


«Бүгінде Қазақстанның барлық облыстарында қан тамыры хирургиясы бөлімшелері ашылып жатыр. Өкінішке орай, тромбозды дер кезінде анықтап білу мүмкін емес. Дегенмен оны тамырға сүзгілер қою арқылы, дәрі-дәрмектермен немесе операциялық жолдармен емдеуге болады. Бірақ, біз тромбозды операциялық жолмен алып тастау тәсілін сирек қолданамыз», - дейді жоғарғы санаттағы хирург-дәрігер, м.ғ.к., А.Сызғанов атындағы ҰҰХО ангиохирургия бөлімі меңгерушісі Нұрсұлтан Қоспанов.

Мамандардың айтуынша, тромбозға шалдығу көрсеткіші АҚШ пен Еуропаға қарағанда Азия елдерінде едәуір төмен. Олар мұны әсіресе, ауылдық жерлерде тамақты үстелде емес,жер үстел басында, малдас құрып отырып ішумен байланыстырады.

Қазақстанда жыл сайын 500-ден астам адамға тромбоз диагнозы қойылады. Жалпы, елімізде 5 мыңнан астам адам аталған дерттің тырнағына ілінген. «Алайда, мұны нақты цифр деп айтуға болмайды. Тіркелмей, есептің сыртында қалғандар қаншама?», - дейді Т.Сұлтанәлиев.