ХЕҰ мәліметтері бойынша, соңғы 10 жылда жұмыс істеп жүрген әйелдердің саны 200 млн жетіп, өткен жылы 1,2 млрд құрады.
Баяндама авторлары атап өткеніндей, әйелдер мен ер адамдар арасында еңбекпен қамту деңгейі соңғы он жылда аздап қысқарғанымен осы уақытқа дейін көрсеткіш көлемі жоғары болып отыр. Өткен жылы жұмыс істеген әйелдер қатары ер адамдардан 600 млн-ға кем болған.
Құжатта айтылғанындай, жұмыс істеп жүрген әйелдердің 36,1% ауыл шаруашылық саласында болса, 46,3% қызмет көрсету саласында шоғырланған.
ХЕҰ ақпараты бойынша әлемде жұмыс істеп жүрген әйелдер санының өсуіне қарамастан, олардың арасында жұмыссыздар қатары 6,4% ұлғайды. Ер адамдар арасында ол 5,7% құрайды. Өткен жылы жұмысқа жарамды жастағы 81,6 млн әйел жұмыссыздар қатарын көбейтті.
Соңғы уақытта әйелдер мен қыз балалардың білім беру саласындағы қызметтерге қол жеткізуі кеңеюде. Алайда бұл үрдіс әлемнің барлық түкпірінде кездеспейді, деп атап өтті Халықаралық еңбек ұйымының сарапшылары.